check
A A A
Skip to content

You are here

Ұлттық біліктіліктер жүйесі: басқа елдердің жеткен табысын Қазақстанда да қайталауға болады

22.02.2018

Қазақстанда ұлттық біліктіліктер жүйесін (ҰБЖ) жетілдіру және кәсіптік стандарттарды дайындау бағытында кеңінен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс ойдағыдай нәтижемен аяқталуы үшін ең озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті нарықтың ерекшеліктеріне бейімдеу қажет. Осы жағдайда ҰБЖ кадрларды даярлау жүйесі мен экономикадағы нәтижелі жұмысбастылық арасын жалғайтын өзінше бір көпірге айналып, кәсіптік стандарттар жоғары сапалы мамандарды даярлауға жағдай жасамақ. ҰБЖ-ны дамыту жайында біз EY компаниясының сарапшысы, Қазақстанда қызметкерлер құрамын басқару жөнінде кеңес беру бөлімінің менеджері Дамир Деминовпен әңгімелестік.

 

- ҰБЖ деген не және ол Қазақстанда не үшін қажет?

- Көптеген ел өз экономикасын тұрақты дамытуға ұмтылады, табыстың кілті жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес келетін жоғары білікті кадрлардың жеткілікті көлемде болуымен тығыз байланысты. Boston Consulting Group (2017 ж.) мәліметтеріне сәйкес 20-ғасырда әлемдік ІЖӨ өсімін бар-жоғы 25 ел қамтамасыз еткен екен, бұл елдердегі жұмысбасты халықтың 25%-дан астамы аналитикалық жұмысты орындап, неғайбыл экономикалық жағдайда өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті ең жоғарғы білікті мамандар болған. Жоғары білікті мамандардың экономикалық өсімді өрге бастыратын қозғаушы күш ретіндегі рөлі қашанда өзекті мәселе. Алайда Қазақсанда мұндай мамандар бүкіл жұмысбасты халықтың бар-жоғы 11%-ын құрайды. Жұмысбастылардың жартысы – бір үлгіге сай орындалатын жұмыспен немесе көбінесе дене еңбегімен айналысатын біліктілігі төмен мамандар. ҰБЖ озық білімдер мен дағдыларды дер кезінде игеріп, жетілдірудің іргетасын қалап, мамандар «не білуі және не істей алуы қажет, оларды не нәрсеге және қалай үйрету қажет, біліктіліктерді қалай тағайындау қажет» деген басты үш сұраққа жауап беруге жағдай жасайды.

 

- ҰБЖ бүкіл әлемде және Қазақстанда қашан қалыптаса бастады?

- Бұл үдеріске 150-ден аса ел қатысып отыр. Қазақстанда ҰБЖ тарихы 2012 жылы басталды. Оның негізі Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер және басты әдістемелер мен құжаттарды дайындау арқылы қаланды. Алайда біздің еліміз әлі жұмыстың бастапқы кезеңінде қалып отыр. 2014 жылы Еуропалық білім беру қоры біздің елдегі ҰБЖ деңгейіне дамудың ерте кезеңінде, яғни «стратегиялық талқылау сатысында тұр» деп бағасын берген.

- Бүгінгі күні ҰБЖ қандай нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі?

Еңбек кодексі, Ұлттық біліктіліктер шеңбері, салалық біліктіліктер шеңберін дайындау және рәсімдеумен байланысты әдістемелік ұсыныстар, кәсіптік стандарттар арқылы реттеледі. Осыған қоса, кәсіптік стандарттарды дайындау кезінде Ұлттық кәсіптер жіктеуіші және Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші қолданылады. Жалпы айтқанда, осы жылдар ішінде 450-ден аса кәсіптік стандарт дайындалды. Алайда әдістеме бірнеше мәрте өзгертіліп, дайындалған кәсіптік стандарттардың көпшілігі бүгінгі күні не өз күшінен айырылған, не қолданыстағы әдістемеге сәйкес келмейді. «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында 2020 жылға дейін 550-ге тарта кәсіптік стандарты дайындау жоспарланып отыр.

- ҰБЖ-ны ары қарай жетілдіру үшін не қажет?

- Оң өзгерістерді іс жүзінде көру үшін біз әлі көптеген істі тындыруымыз қажет. Алайда мен төрт негізгі бағытқа қатыты ұсыныстарды ерекше атап өтер едім. Біріншіден, біліктілік жөніндегі ұлттық органды құру қажет. Қазір біліктілік жүйесінің әртүрлі бөліктері үшін жауапкершілікті әртүрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдар орындап отыр. Нәтижесінде әрбір тарап осы міндеттің өзіне қатысты бөлігін ғана орындап, тұтастылық болмай отыр. Шешім қабылдап, жалпы біліктілік жүйесінің сапасын бақылайтын біртұтас орталықтың жоқтығы – жүйені дамыту үшін нағыз кедергі. Екіншіден, жұмыс берушілер мен нақты бір сала өкілдерін кәсіптік стандарттарды дайындау ісіне ат салыстыру бағытында жұмысты күшейту қажет. Канада, Австралия, Ұлыбритания сынды елдерде дәл осы салалық одақтар кәсіптік стандарттарды дайындаумен айналысады. Үшіншіден, әртүрлі өлшемдер бойынша іздеуге мүмкіндік беретін кәсіптік стандарттардың онлайн-тізілімін дайындау қажет. Бұл кәсіптік стандарттарды қарапайым азаматтар үшін қолжетімді етіп, ҰБЖ-ны жүйелеуге жағдай жасайды. Мәселен, Ұлыбритания, Австралия және Ресейде мұндай онлайн-тізілім табысты қолданылып келеді. Бір жағынан бұл ресурс елдегі кәсіптік стандарттар жөнінде өзекті ақпаратты ұсынса, екінші жағынан, кәсіптік стандарттарды дайындау кезінде қайталауды болдырмай, күшінен айырылған стандарттарды қадағалап отыруға көмектеседі. Төртіншіден, ҰБЖ-ны ооған жетпей тұрған элементтермен толықтыру қажет.

Қысқа-нұсқа айтатын болсақ, ҰБЖ «маман не білуі және жасай алуы қажет?» деген сұраққа жауап беретін кәсіптік стандарттардан, «нені және қалай оқыту қажет?» деген сұраққа жауап беретін білім беру стандарттары мен бағдарламаларынан, сондай-ақ, «біліктілікті қалай мойындау/тағайындау қажет?» деген сұраққа жауап беретін біліктілік стандарттарынан, біліктілік орталықтарын аттестаттау стандарттары мен рәсімдерінен тұрады. Қазақстанда біліктілікті мойындауды және тағайындауды регламенттейтін тетіктерге жіті назар аудару қажет. Бұл жұмысшылардың біліктілігін объективті әрі сапалы түрде мойындау мәселесін шешуге көмектеспек. Мемлекеттің ҰБЖ-ны дамытуға ерекше мән беріп отырғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Халықаралық компанияның өкілі ретінде айтарым, EY кеңес берушілері біліктілік жүйесін дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыру барысында осы жүйенің әртүрлі елдерде табысты қалыптасып, қызмет етіп жатқандығына куә болып отыр. Олардың жеткен табысын Қазақстанда да қайталауға болатынына біз сенімдіміз.

источник: https://www.zakon.kz/4905258-natsionalnaya-sistema-kvalifikatsiy.html

Categories:
Changed on 1 July, 2018 - 21:57
Achievements over the years of independence of RK
Targeted social assistance
Combating the worst forms of child labor
Information campaign «Safe work»
Best social projects implemented in Kazakhstan
The Republican contest «Enbekzholy»
Skills and jobs
NQS