check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Қазақстан Республикасындағы жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің рөлі туралы

Қазақстан Республикасындағы жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің рөлі туралы

 

Қазіргі уақытта жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің (ЖЖҚА) рыногы негізінен қалыптасты деп айтуға болады, және жыл сайын оның дамуында біршама сапалы және сандық өсу байқалады. Бірақ, заңдық, инфрақұрылымдық, функционалдық-техникалық және өзге де сипаттағы өзекті мәселелері толық шешіліп қалыптасқан, теңгерілген жүйе деп айтуға әлі ерте.

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша жалпы республика бойынша тіркелген 74 жеке жұмыспен қамту агенттіктері бар.

Кейінгі жылдары жұмысқа орналастыру және ірі қалаларда кадрларды іріктеу бойынша коммерциялық агенттіктер санының көбею тенденциясы айқын байқалады. Мәселен, ресми тіркелген ЖЖҚА жалпы санының шамамен 50% Астана қаласында орналасқан. Сонымен қатар, бірқатар облыстарда тіркелген жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің саны өте аз, не мұндай ЖЖҚА-лар мүлдем жоқ. Мысалы, Қызылорда облысында бір де бір жеке жұмыспен қамту агенттігі жоқ.

ЖЖҚА орналасуының өңірлік дисбалансын шетелдік жұмыс күшін тартумен және Қазақстан Республикасынан жұмыс күшін шетелге шығарумен байланысты қызметті жүргізуге Министрліктің лицензияларын    алған заңды және жеке тұлғалар жөніндегі соңғы деректер растайды.

Жалпы өңірлік дисбаланс көбінесе, облыстық еңбек рыноктарында жұмыс күшіне сұраныс мен ұсыныстың ара қатынасына сәйкес қалыптасатын нақты жағдайға байланысты болады. Бұдан басқа, бірқатар облыстарда шалғайлардағы делдалдық жұмысты бас офистері қалаларда тіркелген ЖЖҚА филиалдары жүзеге асырады.

Қазақстанда жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің жұмысын  реттейтін бөлек мамандандырылған заң жоқ. Сондықтан, жеке еңбек делдалдығы саласында қолданылатын негізгі заң «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149-ІІ Заңы болып табылады, ол халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдық қатынастарды реттейді. Жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне қатысты мынадай нормалар қолданылады:

·  ЖЖҚА-нің еңбек делдалдығымен айналысу құқығы ескеріледі және қандай жеке немесе заңды тұлға «жеке жұмыспен қамту агенттігі» деген анықтамаға жататынына түсінік беріледі (1-бөлім, 1-бап);

·  ЖЖҚА шарттық негізде көрсететін қызметтердің тізбесі келтіріледі; ЖЖҚА-нің мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен әрекеттестік қажеттілігі айтылады; Қазақстан азаматтарына шетелге жұмысқа орналасу және шетелдік жұмыс күшін Қазақстанға тарту жөніндегі делдалдық көмекті ЖЖҚА лицензия бойынша жүзеге асыратыны белгіленеді (2-тарау, 10-бап);

·  азаматтардың ЖЖҚА-де жұмысқа орналасу, ЖЖҚА-де консультациялар мен ақпарат алу, ЖЖҚА мен орталық атқарушы органдардағы немесе соттағы олардың лауазымды адамдарының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)  шағымдану жөніндегі мәселелері бойынша өтініш беру құқығы айтылады (3-тарау, 13-бап);

·  ЖЖҚА-нің уәкілетті органдарға өз қызметінің нәтижелері бойынша статистикалық деректер беру жөніндегі міндеттері белгіленеді (4-бөлім, 21-бап) және жұмыспен қамту туралы заңнаманы бұзғаны үшін ЖЖҚА-нің жауапкершілігі ескеріледі (4-тарау., 23-бап).

Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметіне «Жұмыспен қамту туралы» Заңнан басқа  Қазақстан Республикасының  «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы № 204-І, «Лицензиялау туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі № 2200 Заңдары қолданылады.  «Халықтың көші-қоны туралы» Заң шетелдіктер мен азаматтығы жоқ  адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында және Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде еңбек және кәсіптік қызметін жүзеге асырудың тәртібін белгілейді. Атап айтқанда, бұл мәселелерге жеке тарау арналған. «Лицензиялау туралы» қызметті немесе лицензияауға жататын  белгілі бір әрекеттерді мемлекеттік диценщзиялаумен байланысты қатынастарды реттейді. Атап айтқанда, бұл заң жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің Қазақстан азаматтарына шетелде жұмысқа орналасу және шетелдік жұмыс күшін Қазақстанға тарту бойынша көрсететін делдалдық көмегіне қолданылады.

  Сондай-ақ, аталған үш заңнан басқа жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызмет етуіне арналған заң базасын түрлі деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған бірқатар нормативтік актілер (қаулылар, бұйрықтар, ережелер, нұсқаулықтар) құрайды. Мысалы, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 наурыздағы № 322 қаулысы қабылданды, оған қосымша «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу ережесі және жұмыс берушілерге рұқсат берудің шарттары мен тәртібі» деген  берілді. Сондай-ақ, жеке еңбек делдалдығының аясы, еңбек қызметіне қатысты бірқатар мемлекетаралық келісімдермен реттелуі мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 24 шілдедегі   № 1060 қаулысымен қабылданған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзербайжан Республикасы азаматтарының және Әзербайжан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісім.

Қазақстан Республикасының «Жеке жұмыспен қамту агенттіктері туралы» Халықаралық Еңбек Ұйымының 1997 жылғы 19 маусымдағы № 181 Конвенциясын бекіту туралы мәселе ерекше назар аударарлық. Қазақстан бұл Конвенцияны бекіткен жоқ. Халықаралық құқық қолдану тәжірибесіне сәйкес Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың ұлттық заңнама алдында басымдығы болады. Демек, жергілікті заңдарды конвенцияның ережелерімен сәйкестікке келтіру, қазақстандық тараптың мүддесіне әсері болуы мүмкін. Мысалы, конвенцияда жеке жұмыспен қамту агенттіктері қызметкерлерден тікелей не жанама, толық не ішінара ешқандай гонорар немесе басқа да алымдар алмайды деп жазылған (7-бап,       1-тармақ). Егер бұл талап Қазақстанда толық және жедел іске асырылған жағдайда, көптеген жергілікті ЖЖҚА едәуір қаржы шығындарына ұшырайды, нәтижесінде көптеген агенттіктер өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. Мұның салдарынан мүдделеріне қысым жасалатын, нақты адамдар – Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты, өзінің қалыптасуының алғашқы сатысында тұрған, сондықтан да осындай шұғыл өзгерістерге әлсіз  қазақстандық жеке делдалдық рыногына да қысым жасалады. 

7-баптың 2-тармағы шеңберінде мүдделі тарапқа 1-тармақтың ережелерінен бірқатар алып тастаулар жасау мүмкіндіктері берілетінін айта кеткен жөн. Бұл ымыралық шешім әзірлеу мүмкіндігін көздейді. Осыған байланысты, Қазақстанның жоғарыда аталған конвенцияны бекіту тиімділігінің дәрежесі туралы мәселені зерттеу жөнінде жұмыс тобын құру мүмкін деп есептейміз. Топтың құрамына Министрліктің, Халықаралық Еңбек Ұйымының өкілдері, қазақстандық кәсіподақтар өкілдері, қазақстандық жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметшілері және Қазақстан және басқа мемлекет азаматтарының қатарындағы тәуелсіз сарапшылар кіре алар еді. Топтың алдына қойылған міндеттерге мәселені жан-жақты зерттеу, көзқарастарды келістіру және республика басшылығы үшін, соның негізінде осы не өзге шешім қабылдануы мүмкін  ұсынымдар әзірлеу енер еді. 

Министрлік ЖЖҚА қызметіне бақылауды жүзеге асырады.  Жеке агенттіктер үшін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның алдындағы есептеме бойынша  міндетті заңмен бекітілген процедуралардан басқа, Министрлік тарапынан ЖЖҚА қызметіне бақылаудың негізгі практикалық тетігі мерзімдік тексеру жүйесі болып табылады,  оның барысында  жергілікті еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаменттерінің өкілдері агенттіктерге, олардың қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына және еңбек делдалдығы аясында белгіленген ережелер мен жазбаша өкімдерге сәйкестігіне жаппай немесе іріктеу тексерістерін жүргізеді. Атап айтқанда, ЖЖҚА ресми тіркелуі, мәлімдеген қызметіне сәйкес лицензиясы, қаржы және статистикалық есептілігі болуы тексеріледі. Бұдан басқа, агенттікте, тізбесі үкімет қаулысымен бекітілген міндетті техникалық жабдықтың болуына тексеріс жүргізілуі мүмкін.      Сондай-ақ, ЖЖҚА қызметіне жанама тетіктер арқылы, атап айтқанда, басқа министрліктер мен ведомстволардан (ҚР СІМ, Салық комитеті, ҚР ІІМ) келіп түсетін ақпарат есебінен бақылау жүргізіледі.

Жалпы, Министрлікте және жергілікті органдарда, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің даму саласын толық бағалы бақылау үшін мүмкіндіктері жеткіліксіз екенін айта кеткен жөн. Бұл еңбек делдалдығы саласында толыққанды  заң және құқық қолдану базасының болмауы сияқты - объективті, сондай-ақ бақылаудың нақты тетіктері мен қажетті материалдық, техникалық және кадрлар ресурстарының жетіспеуі сияқты -  субъективті факторларға  байланысты.

Қазақстан Республикасындағы ЖЖҚА қызметінің негізгі аясы, бәрінен бұрын, еңбек делдалдығы саласына және жұмыспен қамту мәселелерін шешуге жәрдемдесуге қатысты. Атап айтқанда, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктері азаматтарға шарттық негізде мынадай қызметтер көрсетеді: 

·  жұмыспен қамту және еңбек туралы заңнама мәселелері жөнінде консультациялар;

·  бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

·  жұмыс орындарын іздеуге көмектесу;

·  азаматтарды, кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлау және қайта даярлау.

Бұдан басқа, ЖЖҚА Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия негізінде азаматтарды шетелдерге жұмысқа орналастыру және шетелдік жұмыс күшін Қазақстан Республикасына тарту жөнінде делдалдық көмек көрсетеді. Мәселен, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдар мен ЖЖҚА негізінен толық, еркін таңдаған және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу - жалпы бір міндетті атқарады, олардың қызметі бірін бірі өзара толықтырады. Бұл қазақстандық заңнама әр тарап үшін белгілеген жауаптылық аясының белгілі шеңберінде жүргізіледі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ЖЖҚА түрлі нысандары дамыған. Бұл санатқа ішкі рынокта жұмыс істейтін жұмысқа орналастыру жөнінде қызметтер көрсететін агенттіктер, шетелге жұмысқа орналастыру жөнінде қызметтер және басқа елдерден жұмыс күшін тарту жөнінде қызметтер көрсететін агенттіктер, сондай-ақ бірінші кезекте жұмыс берушілер сұранысына бағдарланған түрлі рекрутингтік және кадрлық компаниялар жатады.

Жақын шет  елдер (әдетте, бұл жерде ТМД елдері қарастырылады).

Қазақстаннан лицензия бойынша жұмыс күшін шығарудың негізгі үлесі Ресей Федерациясына келеді. Ресми деректер бойынша Ресей қазіргі уақытта жақын шетел елдері ішінде, Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыру жүргізілетін жалғыз мемлекет болып табылады.

Алыс шет елдер. Ресми деректерге сәйкес жұмыс күшін шетелге заңды шығарудың 90 пайызы Оңтүстік Кореяға келеді. Сонымен қатар, сарапшылық бағалар қазақстандық жұмыс күшінің басқа мемлекеттерде де болуын растайды. Бірақ, қазір бұл бағыттар бойынша ресми статистика жоқ. Бірақ алыс шетел деп аталатын барлық елдер арасынан, болуы мүмкін жаңсақтықты түзеткенде де Қазақстаннан баратын еңбек мигранттарын қабылдайтын негізгі мемлекет Оңтүстік Корея болып тұр.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (одан әрі – ҚР СІМ) деректері бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 3000–нан астам азаматы уақытша жұмысқа орналасу мақсатымен Корея Республикасында тұрып жатыр. Осы азаматтардың 50 пайызынан астамы ол жақта заңсыз жүр. Бұл ретте, Кореяда қазақстандық азаматтардың саны көбеюіне орай олардың әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтары да көбеюде. Мәселен, қазіргі уақытта түрлі қылмыстар үшін Оңтүстік Корея аумағында Қазақстанның сегіз азаматы сотталған және түрмеде мерзімін өтеуде.

ҚР СІМ деректері бойынша, жалпы кейінгі уақытта жұмысқа уақытша орналасу мақсатымен шетелге шығатын қазақстандықтар санының өсу тенденциясы байқалады. Шетелдік мекемелерден ҚР СІМ-іне келіп түсетін ақпаратты талдау қазақстандық азаматтардың аталған санаты тек қана Оңтүстік Кореяда ғана емес,  Батыс Еуропа елдерінде, атап айтқанда – Португалияда да бар екенін растайды. Португалия өкіметі 2001 жылғы қарашадан бастап шетелдіктердің тұру, атап айтқанда – оларды жұмысқа орналастыру және заңдастыру тәртібін қатайтқанына қарамастан, бұл елге Қазақстан азаматтары туристік визалар бойынша жұмыс іздеп әлі де келіп жатыр.

ҚР СІМ ақпараты бойынша қазіргі уақытта бірнеше жүз қазақстандық азаматтар бұл елде заңсыз тұрып жатыр. Негізінен бұл Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарынан шыққандар. 2001 жылдан бастап осы уақытқа дейінгі кезең ішінде Португалия аумағында Қазақстан Республикасының 4 азаматының өлімі тіркелген, олардың екеуі өзіне өзі қол жұмсаған.

Қазақстан Республикасына жұмыс күшін тартудың елдік құрылымы.

Қазақстанға лицензия бойынша жұмыс күшін әкелу негізінен Қырғыз Республикасынан жүргізіледі. ЖЖҚА көмегімен 2003 жылы Қырғызстаннан  Алматы облысына ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеу үшін 4810 еңбекші мигранттар әкелінді. Орта Азияның басқа республикаларының (Өзбек азаматтары басым)  Қазақстанда (оңтүстік облыстарда басым) жұмыс істеп жүрген өкілдеріне келсек, олар заңсыз еңбек көші-қонына жатқандықтан, нақты есепке алынбаған. Бақылаушылардың болжамды бағалауы бойынша бұл жағдайда он мыңдаған адамдар туралы сөз болуы мүмкін.

Жұмыс осы не өзге де жеке жұмыспен қамту агенттігі қызметінің қай бағытта (шығару, әкелу, ішкі рынок, аралас) ұйымдастырылуына орай клиенттердің/қызметкерлердің тиісті санатымен басым жүргізіледі. Әдетте:

·  жұмыс күшін алыс шет елдерге әкету жөнінде қызметтер көрсететін ЖЖҚА біліктілігі төмен жұмыстар үшін «жұмысшылар» санатына басым бағдарланған;

·  жақын шет елдерге, бұл жағдайда Ресейге жұмыс күшін әкету жөнінде қызметтер көрсететін ЖЖҚА жұмысшылар кәсіптерінің өкілдерімен, сондай-ақ мамандарымен де жұмыс істейді;

·  Қазақстан Республикасына жұмыс күшін әкелумен маманданған ЖЖҚА-лар негізінен, маусымдық жұмыстармен айналысатын, біліктілігі төмен қызметкерлерге бағдарланған;

·  ішкі рынокте жұмыс істейтін ЖЖҚА-тер екі бағытта мамандандырылған.  Жұмыспен қамту агенттіктері әрекет ететін бірінші бағыт жұмысшылар кәсіптері мен мамандарының барлық мүмкін спектрін қамтиды.

Екінші бағытты көбінесе мамандармен және топ-менеджерлермен жұмыс істейтін рекрутингтік агенттіктер дамытуда. Ішкі рынокте халықпен жұмыс істейтін немесе жұмыс күшін әкелу және әкету жөнінде қызметтер көрсететін жұмысқа орналастыру жөніндегі түрлі агенттіктер, негізінен жұмысшы мамандарына бағдарланған вакансияларды (4-5 разряд деңгейіндегі біліктілігі жоғары дәрежелі жүргізушілер, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, слесарлар және  басқа), сондай-ақ рынок мамандары бойынша кадрларды (менеджерлер, басқарушылар, жоба басшылары және т.б.)  ұсынады. Мәселен, шетелде жұмысқа орналастыру жөнінде қызметтер көрсететін жеке жұмыспен қамту агенттіктері, Министрліктің деректері бойынша, 90% артық жағдайларда «жұмысшы» санатына бағдарланған. Қызметкерлердің «басшылар» мен «мамандар» сияқты санатына жалпы шығатындар санының 6-8% келеді. Бұл ретте  «басшылар» мен «мамандар» санатындағы қызметкерлер, әдетте жақын шетелдерде, атап айтқанда, Ресейде жұмысқа орналасады. 

Жұмысқа уақытша орналастыру мақсатында шетелге шығарылған «жұмысшылар» санатындағы қызметкерлердің негізгі бөлігі зиянды еңбек жағдайларымен байланысты ауыр қол жұмыстарымен айналысады. Мәселен, 2000 жылдан 2004 жылғы мамырға дейінгі кезеңде Оңтүстік Корея аумағында Қазақстан Республикасының 11 азаматының өлімі тіркелген, бұл зиянды жағдайлармен және жоғары дәрежелі қатермен байланысты учаскелердегі жұмыстың тікелей салдары болып табылады. Сонымен, жеке жұмыспен қамту агенттіктері қазақстандық азаматтарды кәсіпорындарға негізінен әр түрлі жұмыстағы жұмысшы ретінде орналастырады, бұл олардың біліктілігін арттыру және құнды білім алу мүмкіндігін толығынан жояды. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары, олар жұмысқа орналасуға барған елдер азаматтарының құқықтарымен салыстырғанда едәуір шектеулі. Қазақстанның ЖЖҚА қатарынан аса тиімді қызметкерлерді кәсіптік іріктеу  мен жұмыс бабында көтерілу жүйесін пайдаланатын жеке кадрлық (ректутингтік) агенттіктерді ерекше айта кеткен жөн.  Қазақстандық кадрлық агенттіктер, мамандардың орта және жоғары буындарына: басқарушы, жоғары сыныпты мамандарға бағдарланады. Атап айтқанда, рекрутингтік агенттіктер топ-менеджерлер мен басқа мамандарға қажеттілікті 80-90 пайызға қанағаттандырады. Егер жергілікті еңбек рыногында аса жоғары сұраныспен пайдаланатын және ректутингтік фирмалар назарының объектісі болып табылатын мамандықтарға келсек, онда тізім шамамен мынадай болады. Кез келген бағыттағы жоғары буын басшылары (директорлық корпус), орта буын (бөлімдер, департаменттер бастықтары). Компьютерлік техникаға қызметтер көрсету жөніндегі программистер мен мамандарға сұраныс көп. Техникалық директорлар, ауысым, учаске мастерлері, яғни - өндірісшілер қажет. Барлық деңгейдегі «қаржы» мамандары, оның ішінде бағалы қағаздар рыногындегі жұмыс тәжірибесі бар мамандарға перманенттік сұраныс бар. Жоғары біліктілікті, тәжірибені, ақпаратты өз бетімен табу және талдау қабілетін талап ететін бас бухгалтерлерге деген сұраныс та дәстүрлі деңгейде.

Жеке жұмыспен қамту агенттіктері қызметкерден жұмысқа орналастыру жөніндегі қызметі үшін ақыны заңды, сондай-ақ заңсыз түрде алады. Қазақстанда қолданылатын тәжірибеге сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктері көрсететін қызметтерге ақыны ЖЖҚА-нің клиенті болып табылатын тараптардың бірі төлейді. Ондай тарап (клиент)  ретінде ЖЖҚА-не жұмысқа орналасуға көмектесу жөнінде өтінішпен барған қызметкер, сондай-ақ  жеке агенттік арқылы қажетті кадрларды іріктеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші де бола алады. Тиісінше, қолданылып жүрген заңнама бойынша негізінен жеке агенттіктерге жұмысқа орналастырғаны үшін клиенттен/қызметкерден  ақы немесе басқа алым алуға тыйым салынбаған. Сондықтан «заңды» деген түсінікке ЖЖҚА ресми қаржы есептесемінде заңда көзделген тәртіппен мәлімделген, агенттік жұмысқа орналыстыру жөнінде көрсеткен қызметтері үшін кез келген ақы кіреді. «Заңсыз» төлем деп, агенттік жұмысқа орналастыру жөнінде көрсеткен қызметтері үшін алған, бірақ  ЖЖҚА ресми қаржы есептемесінде толық не ішінара мәлімделмеген ақы сияқты, сондай-ақ қызметкерден/клиенттен қосымша, ЖЖҚА ресми қызметінде көзделмеген қызмет көрсетулері үшін алынатын ақыны түсінеміз.

Осы немесе өзге ЖЖҚА қолданатын жұмыс қағидаттарына байланысты,  және атап айтқанда – осы не өзге агенттікте көрсетілетін қызметтер үшін ақы алу жағдайларына сәйкес клиенттен/қызметкерден жүйелі екі кезеңде – агенттікте тіркелу сәтінде және/немесе жұмыс алу сәтінде заңды және заңсыз ақы алынуы мүмкін.

Заңды төлем. Бәрінен бұрын, клинеттен/қызметкерден «өтініш беру фактісі» үшін ғана және агенттіктің деректер базасында тіркелгені үшін, сондай-ақ консультация үшін, анкетаны баламалы деректер базасына орналастырғаны үшін, жүкқұжат шығыстарына және т.б. ақша алуы мүмкін.  Әдетте, бұл бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейінгі шектегі шамалы сома бір-ақ рет алынады (біржолғы) және ЖЖҚА қаржы есептемесінде тіркеледі. Көптеген жеке агенттіктер (әсіресе ірі қалаларда) деректер базасына тіркегені үшін  және жұмыс іздеу жөніндегі қызметтері үшін ақша алмайды. Бұл өткен ғасырдың  90-жылдарының басындағы және ортасындағы кезеңмен салыстырғанда ЖЖҚА арасында бәсекелестік деңгейінің айтарлықтай өсуіне байланысты.  Бұл жеке агенттіктер санының өзара өсуі және осы рынокта ұсынылатын қызметтер көрсетудің деңгейі мен әр түрлілігінің көбеюі есебінен болды.  Өзінің бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін көптеген жеке агенттіктер төлемді соңғы нәтиже, яғни нақты жұмысқа орналасу және клиент/қызметкер бірінші жалақысын/гонорарын алу фактісі бойынша алуды тәжірибеге енгізді.

Мәселен, клиентпен/қызметкермен және ЖЖҚА-мен тиісті уағдаластық жасасқан кезде, жұмыспен қамту жөнінде нақты көрсеткен қызметтері үшін заңды төлем ретінде агенттік қызметкерден жалақысының /гонорарының бөлігін  ала алады. Бұл жалақының/гонорардың алдын ала келісілген пайызы (шамамен 25-дан 50 пайызға дейін) немесе  бекітілген сома, ол тараптар арасындағы уағдаластыққа байланысты бірден немесе біртіндеп төленуі мүмкін. Егер агенттікте тіркелген қызметкер қайта (бірнеше рет) жұмысқа орналастырылған жағдайда, мұндай төлем әр жаңа жағдайда алынып отырады немесе сол не өзге ЖЖҚА қолданатын, жоғарыда аталған жұмыс қағидаттарына байланысты мүлдем алынбайды.

Заңсыз төлем. Жоғарыда айтылғандай, бүгін көптеген жеке агенттіктер клиенттерді/қызметкерлерді тегін тіркейді. Сол және басқа бірқатар себептермен жұмысқа орналастыруға көмектесу өтінішімен ЖЖҚА-ға баратын адамдар саны көбейді. Бірақ жеке делдалдық қызметтер көрсетуге сұраныстың өсуі кейбір агенттіктердің жекелеген қызметшілері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып клиенттен/қызметкерден  көрсетілген қызметтері үшін заңсыз төлем алуларына әкеліп соқтырды. Бұнымен сондай-ақ, агенттіктердің қатардағы қызметшілері  сияқты, басшылары да айналыса алады.

Іс жүзінде ол былай:  ЖЖҚА қызметшісінің бастамасы бойынша немесе клиенттің/қызметкердің өз бастамасымен, еш жерде тіркелмейтін, яғни пара болып табылатын, жеке төлем үшін клиентке жұмысқа жылдам орналасу және/немесе аса тартымды еңбек вакансияларын таңдау кезінде артықшылыққа кепілдік берілуі туралы уағдаластық жасалады. Осындай заңсыз төлемнің мөлшері бірқатар параметрлерге (атап айтқанда, алған жұмыстың беделінің деңгейіне және ақысының жоғары болуына) байланысты болады және жергілікті рынокке жұмысқа орналастырғаны үшін бірнеше мың теңгеден шетелге жұмысқа орналастырғаны үшін бірнеше мың долларға дейін бола алады. Клиенттен/қызметкерден заңсыз төлем алудың тағы да бір әдісі бар, ол агенттік немесе оның қызметшілері ұсынған қызметкер үшін клиент/жұмыс берушіден заңды төлемді алу мүмкіндігі және сонымен қатар көрсетілген ақы үшін төленген ақшаны осындай жолмен жалданған қызметкерден де алуға тырысуына байланысты.  Шынында сөз, ЖЖҚА-нің клиенттермен кәсіптік этиканы бұзуы, бір қызмет көрсеткені үшін екі тараппен бірдей  есеп айырысуы туралы.

Қызметтер көрсету үшін шамамен қандай мөлшерде төлем алынатынына келсек бұл мәселеге бірыңғай жауап беру мүмкін емес. Жеке делдалдық рынок жаңа қалыптасып келе жатқан,  ал заңды төлем мөлшері шектелмеген жағдайда, соңғы сома бірнеше: географиялық коэффициент (мысалы, солтүстік немесе оңтүстік облыстар, ірі немесе шағын қалалар) деп аталатыннан бастап және жұмысқа орналастыруға (жергілікті рыноктағы жұмыс немесе шетелге шығып) жолдамамен аяқталатын факторлармен айқындалады. Нәтижесінде, республика бойынша бағалардың шашыраңқылығы соншама, көрсеткен бір қызметтері үшін әр агенттік төлемдерінің айырмасы бірнеше жүз АҚШ долларына (немесе евроға) баруы мүмкін.

ЖЖҚА қызметіндегі негізгі кемшіліктер мынадай маңызды үш бағыт бойынша байқалады:

бірінші бағыт – жергілікті еңбек рыногынде белгіленген тәртіп ережелерін бұзу санының көптігі;

1. Жұмысқа орналастыру жөніндегі тиісті лицензияларсыз делдалдық қызметті жүзеге асыру. Бұзушылықтардың бұл түрі жеке агенттіктер жұмысында кездесетін күрделі бүзушылықтардың бірі. Мәселен, Алматыда 2003 жылы қараша айында 8 ЖЖҚА-ке іріктеп тексеру жүргізілді, оның арасында бір компанияның ғана тиісті қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар. Жұмыс күшін әкелу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке агенттіктер, Қазақстан Республикасының қаулыларымен бекітілген Шетелдік жұмыс күшін әкелумен және Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін әкетумен байланысты қызметке лицензия беру туралы ережемен көзделген шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты  көбінесе ала алмайды.

 Ішкі рынокте істейтін бірқатар ЖЖҚА азаматтарды жұмысқа орналастыруды заңсыз жүргізеді. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында үйдегі жұмыс немесе қосымша табыс мүмкіндігі туралы ақпарат жарияланады. Бірақ кейіннен, мұндай жұмыс берудің шарты белгілі (әдетте, шамалы)  ақы болып табылатыны анықталады. Бұл ретте, ұйым байланыс телефонының нөмірін немесе мекенжайын «талап еткенге дейін» деп көрсетеді.

2. Қолданылып жүрген заңнаманың нормаларын шетелдік жұмыс күшін тартумен және жұмыс күшін Қазақстаннан шетелге шығарумен байланысты қызметке лицензиясы бар ЖЖҚА арасында бұзу. Негізінен бұл бұзушылықтар мынадай:

·  әкетілетін қызметкерлерге жұмыс берушілері туралы ақпарат бермеу;

·  әкетілетін қызметкерлерге   жұмыс жағдайлары туралы ақпарат бермеу;

·  әкетілетін қызметкерлерге жұмысқа орналасатын елдің заңдары туралы ақпарат бермеу;

·  шетелдік жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісім-шарт немесе жеке еңбек шартын ресімдемеу;

·  жұмыс берушілер туралы мәліметтер жинамау;

·  азаматтардың қайтып келуіне кепілдіктің болмауы.

3. Негізсіз ақы алу. Кейбір агенттіктер клиенттерден/қызметкерлерден көрсетілген қызметтерге баламалы емес ақша алады.  Мысалы, кейде ЖЖҚА-тер «өтінішпен келу» фактісі үшін де ақы алады. Немесе, ақыны алдын ала алып, агенттік жұмысқа орналастыруға кепілдік береді, бірақ өзінің айтқанын орындамайды. Бұл ретте, мұндай жағдайларда көбінесе, төленген сома клиентке ішінара қайтарылады немесе мүлдем қайтарылмайды. 

4. Құқықтық тәртіп деңгейінің төмендігі. Бір қатар жағдайларда жеке жұмыспен қамту агенттіктері қолданылып жүрген заңнамада көзделген құқықтық жауаптылық ережелерін орындамайды. Мәселен, атап айтқанда, Алматы қаласы бойынша еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің деректері бойынша қалада жүзге жуық жұмысқа орналастыру жөніндегі жеке агенттіктер жұмыс істейді. Бұл ретте, өз қызметі жөнінде соның 40 ғана есеп береді. Бұдан басқа, өз қызметін нақты жүзеге асырмайтын немесе тоқтата тұрған кәсіпорындар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 маусымдағы № 862 қаулысымен бекітілген Азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жөнінде делдалдық көмек көрсету ережесінің 8-тармағына сәйкес жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органға тиісті мәліметтер бермейді.

5. Қажетті техникалық жарақтандыру деңгейінің төмендігі. Бірқатар ЖЖҚА-де компьютерлер мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 25 маусымдағы № 862 қаулысымен бекітілген Азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жөнінде делдалдық көмек көрсету ережесінің   3-тармағына сәйкес еңбек биржаларымен, Жұмыспен қамту жөніндегі ақпараттық-талдау орталығымен өзара бірлесіп әрекететуді қамтамасыз ететін телекоммуникациялық жабдықтар жоқ.

Екінші бағыт – нақты жұмыс істейтін агенттіктердің төмен пайызы. Мәселен, жұмыс күшін шетелге шығарумен байланысты қызметке лицензиясы бар Қазақстан бойынша іріктеп тексерілген 30 кәсіпорыннан, тек екі агенттік қана жұмысты өз бейіні бойынша жүзеге асырады.  Яғни белгілі материалдық-техникалық базасы бар агенттіктер, түрлі себептерге сілтеме жасай отырып, құжаттары бойынша кез келген  қызметтің жоқ екенін көрсетеді. Бір жағынан, бұл факт бірқатар жеке агенттіктер санының даму деңгейінің және олардың қызметкерлерінің кәсіптік даярлығының төмендігін көрсетеді. Екінші жағынан, бұл жағдай ЖЖҚА белсенділік нәтижелерін – мемлекеттік басқару органдары жағынан үйлестіру жұмыстарын азайту үшін немесе тапқан табысының бөлігін салық салудан жасыру үшін әдейі көрсетпейтінін растай алады.

Үшінші бағыт – қызмет тиімділігінің, оның ішінде екінші бағыттағы жағдайға да байланысты жоғары болмауы. Кез келген қызмет нысанындағы ЖЖҚА арқылы бөлінетін және қайта бөлінетін қызметкерлер легі жеке агенттіктер игере алатын әлеуетті көлемдермен салыстырғанда өте төмен.

Сонымен, жеке жұмыспен қамту агенттіктері жылына жұмыспен қамту органдары жұмысқа орналастырған азаматтардың жалпы санының шамамен   5-6% көмектеседі, Алматы қаласы бойынша бұл   28-40 % болады.

Министрлік ЖЖҚА-мен бірлесіп әрекет ету жөнінде тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, шетелдік елшіліктердің және халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Қазақстанда өкілдіктері бар Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық көші-қон ұйымының қызметшілері, сондай-ақ қазақстандық жұртшылықтың өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылар қатысатын конференциялар, семинарлар, кеңестер өткізіледі.

19 тамыз, 2004 - 07:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші