check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Өнеркәсіптің өсуі қуантады ал қаржы игерудегі қырсыздық қынжылтады/ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТ №194 (24447) 16 ТАМЫЗ, СӘРСЕНБІ 2006 жыл.

Кеше Премьер-Министр Даниал Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтіп, онда 2006 жылдың бірінші жартысындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және екінші жарты жылдыққа арналған міндеттер туралы, сондай-ақ, осы жылдың алғашқы жартысындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу жағдайы туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайы­новтың айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығындағы ІЖӨ-нің өсуі 9,3 пайыз құраған. Екінші жыл қа­тарынан экономиканың өсуі шикізаттық емес сектордың есебінен жүзеге асып отыр, шикізат секторынан түсетін табыстардың экономикада маңызды рөл атқаратынына қарамастан, оның өзі жақсы көрсеткіш болып табылады.

Есепті мерзім аралығында ІЖӨ-нің 50 пайызға жуығы қызмет көрсету саласы арқылы қамтамасыз етілген. Ал қалған­дарына келер болсақ, сауда – 13, көлік қызметі – 6, байланыс қызметі – 5, жылжымайтын мүлікпен және арендамен операциялар жасау қызметі 16 пайызды құрайды. ІЖӨ-нің 41 пайыздайын тауар­лар шығару, 16 пайыздайын өнеркәсіп, 1 пайызын ауыл шаруашылығы және 24 пайызын құрылыс саласы қамтамасыз етіп отыр.

Осы мерзім аралығында инфляция­ның өсуі 8,7 пайызды құраған, бұл Үкімет бағдарламасында белгіленген меже­ден 1,4 пайыз жоғары. Өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарлары бағасы – 9,5, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 6,5, халыққа көрсетілетін ақылы қызмет құны 9,6 пайызға артқан.

Үстіміздегі жылдың бірінші жарты­сында елдің таза халықаралық резервтері 51,4 пайызға ұлғайып, 22,9 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ұлттық қорда 10 миллиард АҚШ долларына жуық қаржы жинақталып отыр.

Негізгі капиталға қосылған инвес­тициялардың өсу динамикасы да сақта­лып келеді, ол 2005 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 25,2 пайызға артқан.

Вице-министр аталған мерзім ішінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің 5,1 пайыз артқанына назар аударды. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі кен өндіру, өңдеу салаларындағы өндіріс көлемінің, электр қуаттарын, газ бен суды өндіру мен тарату көлемдерінің артуы есебінен мүмкін болып отыр.

Өңірлер бойынша алғанда үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлердің бәрінде де өнеркәсіп өндірі­сінің өсуі орын алған. Атырау облысында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуі мұнай, мотор жанар майы, жылу қуаттары өндірісінің кемуі салдарынан болып отыр. Бұл облыстың өнеркәсіп өндірісінің 90 пайыздан астамы мұнай мен мұнай өнімдерінің үлесіне тиеді. Ал Батыс Қазақстан облысындағы көрсеткіш газ конденсаты өндірісінің төмендеуі нәтижесінде қалыптасып отыр.

Өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуы жағынан Ақмола, Қызылорда облыстары, Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары және Алматы қаласы алда келеді.

Еңбек рыногында халықтың еңбекпен қамтылу деңгейінің артуы мен еңбек­ақының өсуі байқалады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда осы жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздар саны 10,7 мың адамға азайған. 2006 жыл­дың маусым айында қызметкерлерге есеп­телген орташа айлық номиналды еңбек­ақы 40197 теңгені құрап, 2005 жылдың маусым айына қарағанда 25 пайызға көбейген.

Үкімет басшысы экономикалық көрсеткіштердің оң сипатқа ие болуының құптарлық жәйт екеніне тоқтала келіп, экспорттың 32,6 пайызға ұлғаюының негізінен баға өсуі арқылы жүзеге асып отырғанына назар аударды. Іс жүзіне келгенде экспорттың физикалық көлемі­нің артуы 2 пайызды ғана құрайды. Импортқа қатысты да дәл осы жағдайды айтуға болады. Сондай-ақ, Д.Ахметов халық табысының еңбек өнімділігінен әлдеқайда жоғары болуына және ин­фляцияны ауыздықтауға қатысты өзі берген тапсырмалардың орындалу бары­сының ойдағыдай емес екенін тағы да еске салып өтті. Инфляцияға басты се­бепкер болып келе жатқан қант пен көкөніс проблемасы сол баяғы шешіл­меген күйінде қалуда.

Екінші кезекте сөз алған Қаржы министрі Наталья Коржова бірінші жарты жылдықта мемлекеттік бюджетке келіп түскен кірістердің 1,27 триллион теңгеге жетіп, жоспардағы межеден 10,2 пайызға асып түскенін жеткізді. Шығындар 1,2 триллион теңгені немесе жоспардың 93 пайызын құрайды. Жоспарланған 142,7 миллиард теңге тапшылық жағдайында іс жүзінде 66 миллиард теңге профицит қалыптасып отыр.

Корпоративтік табыс салығы, қосым­ша құн салығы, табиғат және өзге де қорларды пайдаланғаннан түскен түсімдер және дербес табыс салығы мемлекеттік бюджеттің негізгі көздері болып қалуда.

Жергілікті бюджетке тиесілі түсімдер жоспары барлық өңірлер бойынша дерлік орындалған. Есепті мерзім ішінде республиканың Ұлттық қорына 197,3 миллиард теңге қаржы аударылған.

Аталған мерзім аралығында мемле­кеттік борыштың 937 миллиард теңге құрағаны атап көрсетілді. Ол Ұлттық Банктің борышы есебінен осы жылдың 1 қаңтарынан бергі кезеңде 231 миллиард теңгеге артқан. Үкімет борышы 529 мил­лиард теңге, ол 2006 жылдың басындағы тиісті көрсеткіштен 7 миллиард теңгеге кем. Бүтіндей алғанда үкіметтік борыш­тың ІЖӨ-ға пайыздық қатысы тұр­ғысынан алғанда төмендеушілік сипаты сақталып келеді. Министрдің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік борыштарының төмендігі жағынан әлемдегі аз ғана мемлекеттердің бірі болып саналады, ол қазіргі таңда ІЖӨ-нің 10 пайызынан да аспайды.

Әдеттегідей бюджеттің орындалуында айтарлықтай кемшіліктер бар. Мәселен, жекелеген министрліктерде бұл көрсеткіш 57 пайыз шамасында ғана болып отыр. Оған қоса Қаржы министрлігі бірқатар бюджеттік бағдарламалардың орындалу мерзімдерін кейінге шегерген.

Премьер-Министрдің сынына іліккен де дәл осы мәселе болды. 5 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын бюджеттік бағдарламалардың орындалу мерзімінің кейінге қалдырылуын заңды бұрмалаушылық ретінде бағалаған Д.Ахметов мұндай тәжірибені үзілді-кесілді тоқтату керек деген қатаң ескерту жасады. Егер бюджеттің уақытылы орындалуын үйлестіріп отыруға міндетті Қаржы министрлігі өзі бас болып оған жол берсе, жағдай не болмақшы.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов аграрлық сектордағы жағдай туралы баяндады.

Саладағы ІЖӨ-нің өсуі 4,2 пайыз болып отыр. Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету мақсатында бөлінген қар­жының 97 пайызы игерілген. Маман­дардың пікірлерінше, егін алқабының 93 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық деген бағаға ие. Техниканың дайындығы да өткен жылға қарағанда едәуір жақсы. Егін орағына 150 мың тонна жанар-жағар май әзірленген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары.

Сол сияқты, министр ауылдағы мал басының өсіп келе жатқанына және басқа да жағдайларға жан-жақты тоқталып өтті.

17 тамыз, 2006 - 06:00 өзгертілді
Әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі үздік қызметкерге дауыс бер
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші