A A A
Мазмұнына өту

You are here

Бюджет жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Бюджет жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Бірақ қаржы тұрғысынан шешімін күткен мәселелер де жоқ емес

 

Алдымен депутаттық сауалдар жолданса, төменгі палата депутаты Сауырбай Есжанов Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауда­нындағы су мәселесіне 172,2 миллион теңгенің республикалық бюджетте қарастырылуы қажеттігін алға тартты. Елімізге заңсыз келіп, тұ­рып жатқан шетелдіктерге қа­тысты сауалында Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан ішкі істер ми­нис­трі Бауыржан Мұхамеджа­нов­тың атына 4091 хандықтың (қы­тай­лықтың) және өзге ұлт өкілдерінің заңсыз тұрып жатқандығы жөнін­дегі ақпараттың ақ-қарасын анық­тап беруді сұрады.

Ал оңтүстік­қа­зақ­стандық әріптесі Сатыбалды Ибрагимов осы өңірдегі келеңсіздік­ке байланысты тағы бір отырыс өткізуді ұсынып, тағы бір ана мен екі баланың ВИЧ-инфекциясын жұқтырғаны анықталғандығын хабарлады. Мемлекеттік тілдің беделін көтеруде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Тіл комитетінің құзыры жете бермей­тін­дігін тілге тиек еткен Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов аталған комитетті агенттікке айнал­ды­рып, оны тікелей Президентке немесе Премьер-Министрге бағы­нышты ету қажет деген ойымен бөлісті.

Республикалық бюджет туралы баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Мусин жасады. Министрдің мәліметінше, 2007 жылғы экономи­каның өсімі 8,6 пайызды құрап, ішкі жалпы өнімнің көлемі 11 триллион 880 миллиард теңгеге же­теді. Тұтыну бағаларының индексі 5-7 пайыз аралығында болады деп күтілуде. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллар болуы ықтимал. Жалпы, республикалық бюджетке түсетін қаржы көлемі 1 триллион 987 миллиард теңгеге жоспарланса, ол ІЖӨ-нің 16,7 пайызын құрайды екен. Өткен жылмен салыстыр­ған­да бұл 448 миллиард теңгеге немесе 29,2 пайызға артық болып отыр. Бюджеттің негізгі кіріс көзі салық­тық түсімдер болып табылады. Осы ретте келесі жылдың бірінші қаң­та­рынан бастап бірқатар салық став­каларының төмендеуі қолда­ныс­қа ендірілетінін де айта кету керек.

Сондай-ақ министр бірқатар бағдарламалар бойынша қаржының бөлінетіндігін жеткізді. Тарқатып айтқанда, мемлекеттік тілді мең­ге­ру­ге 2 миллиард теңге, ауыл шаруа­шы­лығын қолдау мақсатында, яғни жанар-жағар майдың бағасын арзан­датуға, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарына – 11, жергілікті жерлердегі сумен қамтамасыз ету нысандарын салуға – 1,8, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу мен жөндеуге – 2, жергілікті жолдарды жөндеуге 3 миллиард теңге бөлу жос­парланған. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін және қан құю орталық­тары­на деп 1,1 миллиард теңге жос­парланса, тек Шымкент қала­сындағы қан құю орталығын салуға 1,4 миллиард теңге қарасты­рыл­ғаны белгілі болды. Сонымен қа­тар Кентау қаласында жылу қазан­дығын салуға, шекаралық аудан­дарда мектеп, аурухана және тағы басқаларына да біраз қаржы қарас­тырылмақ. Сол сияқты Алматы және Алматы облысындағы білім беру мен денсаулық сақтау нысан­да­рын сейсмикалық нығайтуға және Жамбыл ЖЭС-іне 2 мил­ли­ард­тан теңге бөлінері мәлім болды. А.Мусин сондай-ақ республикалық бюджеттің тек мұнай секторынан алынбаған қаржының есебінен толықтырыла­тын­дығын да ескерте кетті.

Келесі жылдың қаржы-кре­дит­тік саясатына кеңінен тоқталған ұлттық банк төрағасы әнуар Сәйде­нов экономиканың өсімінен бюд­жет­тің шығыс бөлігінің артып кетуі инфляциялық қысымды арт­тыра­тын­дығын ерекше атады. Ин­фля­­цияның сырына терең үңілген бас банкир инфляция негізінен ұсы­ныс­тан сұраныстың көбейіп кетуі­мен тікелей байланысты екен­дігін жеткізді. Яки, еңбек өнім­ді­лі­гі­нен жалақы көлемі артып кетсе, бұл инфляциялық үдерістерге же­те­лей­ді. Сондықтан да ҰБ қаржы-кре­­дит­тік саясатты нығайта оты­рып, қайта қаржыландыру ставка­сын кө­бейтуді қолға алған. 2006 жыл­дың 21 ақпанынан бастап қай­та қар­жыландыру 8-ден 8,5 пайызға дейін өсірілсе, ал шілде айында ол 9 пайызға дейін көтерілген-ді. Сол сияқты екінші дәрежелі банктердің депозиттерге беретін үстемесі үстіміздегі жылдың 21 ақпанында 3,5-тен 3,75 пайызға және екінші кезекте 4 пайызға дейін көтерілген.

Бұдан кейін депутаттар үкімет бас­шысына көптеген сұрақтар қойды. Мәжіліс депутаты Тито Сыз­дықов әлеуметтік мәселелерге қаржының жетіспей жатқандығын көлденең тарта отырып, Премьер-Министр Кеңсесі мен министр­­лік­тер­ге бюджеттен айтарлықтай қар­жы­ның бөлініп отырғанына таң­данысын жасырмады. Депутат­тың сұрағына орай жауабында Премьер-Министр Даниал Ахметов министр­лік­тер мен ведомстволарға қаржы бөлу 7 пайыз ғана артқан­дығын, тек “Министрлер үйін” ұстап тұру­ға 4,5 миллиард теңге жұмсалатын­дығын айтты. Әділет министрлігіне деп қарастырылған қаржыға 226 бір терезеден қызмет көрсету орын­да­ры салынатынын, сөйтіп, халыққа жақсы жағдай жасалатынын жеткізді. Мұндай уәжбен депутат келіскендей болды. Сенатор Иоган Меркель болса, Астана-Щучье автобанына қатысты сұрағында оған жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанын айтқаны сол екен, Пре­мьер өзінің осы мәселе­ден жақсы хабардар екендігін байқатты. Оның сөзіне қарағанда, спутниктік бай­ла­ныспен және қауіпсіздік шаралары­ның барлық жетістіктерімен қам­ты­латын ауыр жүк автокөліктері жүре алатын автобан әлемдік стандарт­тар­ға сай. Сондықтан да аталған жол құрылысына үстіміздегі жылы 8 миллиард теңге, келесі жылы – 19, жалпы 40 миллиард теңге бөлі­не­ді деп жоспарланған көрінеді. Кас­пий қайраңын ластап жатқан бұрғы орындарын консервация­лау­ға қатысты сұрағында сенатор Леонид Бурлаков үкімет басшы­сы­на оны ертерек қолға алу керектігін жеткізді. Депутаттың сұрағына бай­ыпты жауап қайырған Премьердің айтуынша, қазір осы өңірде 1383 кен орындары жағалауда, не су астында жатыр. Оның сендіруінше, қауіпті саналатын бұрғылау орын­да­ры алғашқы кезекте бітеліп, бір­тіндеп бұл мәселе шешімін табады.

Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргенде ауыл шаруашылығын қол­дауға алаңдаушылығы барын біл­дір­ген мәжілісмен Еркін Рамаза­нов­тың сауалына Премьер-Министр Австралия, Канада, Жаңа Зеландия сияқты аграрлы елдердің отандық ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдамау туралы талап қойып отырғандығымен бөлісті. Сондықтан үкімет басшысы ІЖӨ-де ауыл шаруашылығының көлемі 10-12 пайыз деңгейінде сақталу қажеттігін баса атады. Осы орайда келесі жылы субсидия 18 миллиард теңге көлемінде бөлінері де айтыл­май қалған жоқ. Еліміздің 12 жылдық оқу жүй­есіне өтуіне дайындық барысы және отандық еңбеккерлер құқына қатысты сұрақты Мәжіліс депутаты Оңалбай Аяшев қойды. Д.Ахметов­тің мәліметіне қарағанда, 2007-2009 жылдары 184 мектеп салу жоспар­лан­са, осы ретте әсіресе оңтүстік өңір­леріне қатты көңіл бөлу қарас­тырылған. Екінші сұраққа қатысты жауабында Премьер-Министр келесі жылы Атыраудан отандық жұмысшыларды дайын­дай­тын арнайы оқу орнының ашы­ларынан, оған 500 миллион теңге бөлінерінен хабардар етті.

Үкімет басшысы Парламентке жиі келе бермейді. Сондықтан болар, депутаттар Премьер-Ми­нистр­ге кезекпе-кезек сұрақтар қой­ып жатты. Ал Даниал Ахметов халық қалаулылары тарапынан қойылған сұрақтарға нақты мысал­дар мен дәлелдерді алға тарта оты­рып, мүдірмей жауап беріп отырды. Сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік салаларға байланысты қойылды.

Бүгінде еліміздің барлық аумақ­тарында мектептер мен аурухана, емханалар құрылысын жүргізу қызу қолға алынуда. Пайдалануға беріліп жатқандары да аз емес. Дегенмен, бұл мәселеде проблемалар да же­тер­лік. Мәжіліс депутаты Ермек Абасов өз сұрағына білім мекемеле­рі мен медициналық орындар салуға қаржыны бюджет жобасында көрсетілгеннен көбірек бөлу жайын арқау етті.

Премьер-Министрге сұрақ қойып, ұсыныс айтушылар қатары толастайтын сыңай танытпады. Депутат Амангелді Таспихов еліміздің қаржылық бас құжатының жобасы талқыланып жатқанда, сұрақ қоюшылар қатарын шек­те­мей, оны тағы бір сағатқа ұзартуды ұсынды. ұсыныс дауысқа салынды. Нәтижесінде депутаттың бұл ұсы­нысы өтпеді.

Үзілістен кейін “2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасын талқылау әрі қарай жалғасты. Алдымен Парла­мент Мәжілісі қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрағасы Кенжеғали Сағадиев заң жобасына қатысты қосымша баяндама жаса­ды. Баяндамашының атап өтке­нін­дей, 2007 жылға арналған респуб­ли­калық бюджет жобасы Мәжі­ліс­тің жұмыс тобында, Комитеттер мен Мәжілістің жалпы отырыс­тарын­да арнайы шақырылған сарап­шылардың қатысуымен екі ай бойы жан-жақты талқыланған. Аталған заң жобасы Елбасының қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген басымдықтар аясында дайындалып отыр. Бұл заң жобасы Президент алға қойған Қазақстан­ның әлемдегі бәсекеге барынша қа­бі­летті 50 елдің қатарына кіру стра­тегиясына бағытталған қомақты шаруалардың бірі болып табылады.

Дегенмен, бюд­жет жобасында олқылықтар мен кемшіліктер де бар. Кенжеғали Саға­диевтің атап өтуінше, білім беру, денсаулық сақ­тау және “Ауыз су” бағдарлама­ларын әрі қарай жүзеге асыруға бюджет жобасында қарастырылған қаржы жетімсіз. Мысалы, “Ауыз су” бағдарламасы бойын­ша барлық елді мекендерді 2002-2010 жылдар аралығында ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. қазіргі жағдайлар аталған мерзім ішінде елді ме­кен­дерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін алыс­тататындай. Ал Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі 2007 жылдың бюд­жетіне “Ауыз су” бағдарламасы үшін 307 миллиард теңге сұрап отыр.

Бұдан кейін депутаттар Парла­мент Сенатының Экономика, қар­жы және бюджет жөніндегі коми­те­тінің төрағасы Мүсірәлі өтебаев­тың қосымша баяндамасын тың­да­ды. Сенатордың атап өткеніндей, Пар­ламент талқылауына ұсыныл­ған 2007 жылға арналған респуб­ликалық бюджет жобасы үкіметтің 2005-2007 жылдарды қамтитын ор­та­мерзімдік фискальдық саясатына сәйкес жасалған. Жалпылай алған­да, бюджет жобасы елдің әлеумет­тік-экономикалық және индустрия­лық-инновациялық саясатын жүзеге асыруға негізделген. Деген­мен, жобада көрсетілген бірқатар мәселелерді айқындап, әлі де нақтылай түсу қажет. Оның бірі – “Қазына” тұрақты даму қорына қа­тысты. Бұл компания құрамындағы институттардың қаржылары нендей мақсатқа жұмсалғандығынан депу­таттар мүмкіндігінше ақпараттар алып отырғаны жөн.

Екінші – республикалық бюд­жеттің кіріс бөлігіне байланысты. Құжат жобасында республикалық бюджеттің кірісі ағымдағы жылмен салыстырғанда 418,7 миллиард тең­ге­ге немесе 27,8 пайызға артатын­ды­ғы жоспарланған. Бірақ, осы жылдың тоғыз айында кіріс көлемі 1 378,8 миллиард теңгеге, яғни жылдық болжамнан 91 пайызға кө­бейіп отыр. Бюджетті жоспарлай­тын кезде осы айырмашылық еске­рілуі тиіс. үшінші – Салық ко­дексі­не жиі өзгерістер мен толық­тырулар енгізу мәселесі. Мүсірәлі Смайылұлының айтуынша, салық заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізіледі. Мә­се­лен, өткен 4 жыл 8 ай ішінде Са­лық кодексінің нормалары 35 рет, оның ішінде үстіміздегі жылдың жеті айында 14 рет қайта қаралған. Сондай-ақ, бүгінде Парламентте Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететін тағы бес заң жобасы жатыр. Коми­тет төрағасы осыған байланысты Салық кодексі нормаларына жылына бір рет қана өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қалыптастыруды ұсынды.

Депутат баяндамасында бюджет жобасына қатысты тағы алты мәсе­лені атап өтті. Оның ішінде мем­ле­кеттік әлеуметтік жүйені кезең-кезеңімен әлемдік стандартқа жақындату, мемлекеттің кепіл­дігі­мен қарыз алуды азайту, салық жеңілдіктері мен преференция­ларды ұсынудың тиімділігіне талдау жасау, тағы басқалар бар.

Сенат және Мәжіліс комитет­те­рі төрағаларының қосымша баян­да­маларынан кейін, депутаттар баяндамаларды талқылауға көшті. Сөз алған халық қалаулыларының барлығы да жаңа жылдың бас қар­жы құжатының жобасын, жалпы­лай алғанда, қолдайтындарын білдірді. Сонымен қатар, өздері тарапынан ұсыныстар да білдіруді жөн көрді. Мысалы, Мәжіліс депу­таты Нұрбах Рүстемов Оңтүстік қазақстан облысындағы бірқатар елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге және белгілі ғалым Мәулен Балақаевтың 100 жылдығына орай, ғалымның туған ауылында жаңа мектеп құрылысын салу үшін оған қажетті қаржыны келесі жылдың бюджетіне енгізуді ұсынды. Ал Қуаныш Айтаханов Бөген су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге 250 миллион теңге қажет екендігін айтып, оны да 2007 жылдың бюджетіне кіргізуді сұрады. Депутаттың мәлім етуінше, Бөген су қоймасын жөндеуден өткізуге өткен жылдың да, биылғы жылдың да бюджетінде қаржы қарастырылмаған.

Сенатор Жомартқали Жексем­би­нов Алматы облысы аумағында кезінде жекешелендіріліп кеткен 150-ден астам балабақша ғимараты­ның бүгінде 44-і қайтарылғанын ортаға сала келіп, енді солардың бар­лығы болмаса да бірқатарын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қарастыруды өтінді. Сондай-ақ сенатор Іле ауданының орталығын­дағы жылу қазандығын жаңартуға 120 миллион теңге қаржыны бюд­жет жобасына енгізуді ұсынды. Мә­жіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев болса, Ақтау мемлекеттік универ­ситетіне жаңа оқу корпустарын салуға және Астана-Маңғыстау бағыты бойынша тіке қатынайтын жолаушылар пойызын жүргізуге Премьер-Министрдің қолдау көр­сету­ін өтінді. Депутаттың айтуын­ша, бұған 500 миллион теңге кетеді.

Кезек жарыссөзге келгенде мәжілісмен Нұрбах Рүстемов мұнай кен орындарын игеріп жатқан­дар­дан роялти есебінде кірістің табиғи рента ретінде бір бөлігін алу қажет­тігін, өйткені, роялти өндірілген мұнай көлеміне салынатын шартты ставка екендігін ортаға салды. Соны­мен қатар, депутат ҚҚС-ны шикізат өңдеушілерге қайтарып беруді дұрыс санамайтындығын, оны тек тауар шығарушыларға ғана қолдануға боларын баса айтты.

Жоғары палата депутаты Тасбай Симамбаев қазіргі кезде импорт көлемі артып, елімізде не көп, екі қолға жұмыс таба алмай жүргендер көптеп саналады, деді. Мұның басты себебін сенатор шикізат секторына жатпайтын өнеркәсіп орындарының дамымай, бизнес саласының кенжелеп қалуымен түсіндірді. 2,5 миллион қазақстан­дықтың өзіндік жұмысы бар деген терминді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ойлап тапқандығын ашық мәлім­де­ген Сенат депутаты, мұның 800 мың жұмыссызбен қоса есепте­ген­дегі көрсеткіші еліміздегі еңбекке қабілеттілердің жартысын құрай­тын­дығын ашына жеткізді. Сенатор әкімшілік шығындарға және әртүрлі көңіл көтеру орын­дарына қаржының орынсыз бөлініп келе жатқандығын сынға алды. әсіресе, халықаралық форумдар мен конфе­рен­циялар өткізуге қомақ­ты қаржы жұмсалып келсе, депутат осы қар­жы­ларға ондаған ауылдық мектеп­терді салуға болары­мен бөлісті.

Әріптесінің ойын жалғастырған Сенат депутаты Светлана Жалма­ғам­бетова өзі сайланған Ақмола облысында 12 жылдық оқу жүйе­сіне өтуге қажетті білім орда­ларының әлі 2010 жылға дейінгі бағдарламаларға енгізілмегеніне көңіл аудартты.

Республи­калық бюджетте қарас­ты­рылған “Егемен Қазақстан” рес­публикалық газеті” АҚ-қа бөлінген 200 миллион теңгенің жеткіліксіз­дігі қазақ тіліндегі басылымдарға жанашыр депутаттар тарапынан көтеріліп келген болатын. Кешегі отырыста бұл мәселе депутат У.Қалижанның аузымен айтылды. Депутат газетке бөлінген қаржыны 300 миллионға жеткізуді ұсынды. Ол бірқатар әріптестері тарапынан қолдау тапты да.

Қорытындысында депутаттар келесі жыл бюджетінің жобасын қанағаттанарлық деп тауып, оны бірінші оқылымда мақұлдау керек деп шешті. Көптеген мәселелер келісім комиссиясының отырысын­да талқыға салынатын болса, оның төрағалығына бұл жолы Мәжілістен Экономика, бюджет және қаржы комите­тінің төрағасы Кенжеғали Сағадиев сайланды. Енді бюджет жобасы екінші оқылымға дүйсенбі, 13 қарашаға дайындалады.

Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

 

Егемен Қазақстан газеті № 278-279 (24532) 11 ҚАРАША, СЕНБІ 2006 жыл

11 тамыз, 2006 - 06:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші