A A A
Мазмұнына өту

You are here

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының 2016 жылғы 18 -19 мамыр күндері (Германия, Бонн қаласы) өткен жұмыс жиналысының қорытындылары бойынша ақпарат

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы 2016 жылғы 18-19 мамыр күндері Бонн қаласында (Германия) «Еңбек жағдайлары және қоршаған ортамен байланысты факторлардың денсаулыққа тигізетін әсеріне экономикалық баға беру: экономикадағы асбесттің орны» тақырыбында жұмыс жиналысын өткізді. Оның жұмысына Армения, Әзірбайжан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркменстан, Ресей Федерациясы, Грузия, Беларусь, Украина, Босния мен Герцеговина, Сербия, Югослав Македония Республикасы және басқа да елдердің өкілдері қатысты.

Консультанттар ретінде ДДҰ, ХЕҚ, ЭЫДҰ-ның, Жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі еуропалық комиссияның, Жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулық жөніндегі еуропалық агенттіктің (EO OSHA), Италияның Өндірістік жарақаттан сақтандыру ұлттық институтының (INAIL), Базель, Роттердам және Стокгольм келісімдері хатшылығының, Солтүстік Ирландияның Еңбекті қорғау жөніндегі инспекциясының, Денсаулық және еңбекті қорғау федералды институтының (Германия) сарапшылары, сондай-ақ Прага, Хельсинки, Милан, Маастрихт университеттерінің, Эксетерск медицина мектебінің мамандары тартылды.

Қатысушылар жиналыс шеңберінде асбестті өндіру және пайдаланумен байланысты шығындарды бағалау тәсілдерін талқылап, пысықтады. Оларды қауіпсіз баламалы технологияларға ауысу туралы шешім қабылдау үшін одан әрі елдердің басшылары мен ресми тұлғаларына жеткізу жоспарланған.

Семинар Парм декларациясынан туындайтын міндеттемелердің бірі 2015 жылға қарай асбестті пайдалану және сатумен байланысты ауруларды жою бойынша ұлттық бағдарлама жасау туралы міндеттемені орындауға ықпал етуге арналды.

Жиналыс барысында «ДДҰ еуропалық өңіріндегі асбест: ДДҰ саясаты мен қызметі туралы соңғы мәліметтер» және «ДДҰ еуропалық өңіріндегі асбест: елдердегі және халықаралық деңгейдегі әріптестер қызметі туралы соңғы мәліметтер» мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды, сондай-ақ «Асбестке тиым салуға байланысты экономикалық аспектілер мен әлеуметтік ауыртпалық және артықшылықтар» және «Асбестпен байланысты аурулардың элиминациясы бойынша ұлттық стратегияларды қолдау контекстінде мүдделі тараптарды шолу» және т.б. тақырыптардағы есептер жобаларында мазмұндалған алдын-ала нәтижелер талқыланды.

 Бұл ретте Ресей, Қазақстан, Беларусь және Тәжікстан өкілдерінің баяндамаларында асбест түрлерін, оның ішінде хризотил-асбестті реттеуде сараланған тәсіл қажет деген пікір айтылды. Ресей, Қазақстан және өзге де ТМД елдеріндегі хризотил  асбестті өндіру және пайдалану тәжірибесі бақыланатын жағдайлар жасау және әрекеттесу ұзақтығы мен                          сипатын бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірістегі                жұмыскерлерге  тиісті медициналық - санитариялық қызмет көрсету қазіргі таңда хризотил-асбестті бақылап пайдалануға жол беретіні туралы Еурокомиссия директивасымен келісуге болмайтынын көрсетеді.

Осылайша, қазіргі уақытта ҚР Премьер-министріндегі кеңесте қабылданған 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 20-5/81 шешімге сәйкес Қазақстан Республикасында хризотилді бақылап пайдалану жөніндегі ресми түрде бекітілген саясат бар.

Одан басқа, Қазақстан 2011 жылғы қаңтар айында «Асбестті пайдаланған кезде еңбекті қорғау туралы» 1986 жылғы ХЕҰ № 1623 Конвенциясын ратификациялады. Ол хризотил өндірісінде жұмыс істейтін жұмыскерлер денсаулығының қорғалуына кепілдік беруге және тұрақты даму мақсатында маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Қазақстан хризотил-асбестті 40 жылдан астам пайдаланып келеді және хризотил-асбест кен орнын өңдейтін жалғыз кәсіпорын «Қостанай минералдары» АҚ (Қостанай облысының Жетіқара қаласы) болып табылады.  Жетіқара кен орны хризотил-асбест ашық түрде өңделетін жалғыз асбест шикізат базасы болып табылады.

Хризотил-асбест өндірісі жұмыскерлерінің денсаулық жағдайын зерттеу проблемасына қазақстандық ғалымдар 2004 жылдан бастап осы уақытқа дейін назар аударып келеді. ҚР ДСӘДМ-нің «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» РМКК осы кәсіпорындағы жұмыскерлердің денсаулығына хризотил-асбест тигізетін әсерді зерттеу бойынша кешенді көпжоспарлы ғылыми зерттеу жұмыстарын, қоршаған ортаға эпидемиологиялық және гигиеналық зерттеулер жүргізді, ал қазіргі уақытта «Қостанай минералдары» АҚ хризотил-асбест өндірісі жұмыскерлерінің денсаулық жағдайына мониторинг жүргізіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 60-сессиясында қабылданған 2008-2017 жылдарға арналған жұмыскерлердің денсаулығын қорғау жөніндегі жаһандық жоспардың 10–тармағына (2007 жылғы 23 мамырдағы WHA60.26 резолюциясы), қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі бесінші министрлік конференциясында ДДҰ Еуропалық өңіріне мүше – мемлекеттердің өкілдері қабылдаған  Қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі Парм декларациясының 10 - тармағына сәйкес Қазақстан мүдделі министрліктер мен ведомстволарды тарта отырып,     2020 жылға дейінгі кезеңге арналған асбестқұрамды шаңдардың әсерінен болатын ауруларды жоюға бағытталған тұжырымдаманы әзірлеуі қажет.

Бөлімдер:
24 тамыз, 2016 - 11:34 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші