A A A
Мазмұнына өту

You are here

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту: С. Жақыпова Ұлттық жоспардың жаңашылдықтары туралы айтып берді

брифиннг

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың жаңашылдықтары туралы айтып берді.

Қазақстанда Мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бекітілді. Оның мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың өмір сүру сапасын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету жолында барлық тартылған тараптардың үйлесімді іс-қимылының стратегиясын, құрамы мен жүйелілігін қамтамасыз ету.

«Ұлттық жоспар идеологиясының өзі бірде бір сала тек бір бағытта ғана дербес дамып, қолдауға ие болып кете алмайтындай етіп жасалған. Себебі, әрбір сала тұлғаларға қатысты. Өмір сүру, көрсетілетін қызметтер сапасын қамтамасыз ету үшін осы Ұлттық жоспар әзірленіп, бекітілді», — деді С. Жақыпова.   

Ұлттық жоспар 64 іс-шараны қамтитын 7 басымдықты бағытты қарастырады:

  • Мүгедектік профилактикасы және оның алдын алу;
  • Білім берудің қолжетімділігі;
  • Кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта;
  • Экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту;
  • Әлеуметтік оңалту және абилитация тиімділігін арттыру;
  • Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту;
  • Қоғамдық сананы жаңғырту.

«Мүгедектік профилактикасы және оның алдын алу» бірінші бағыты аясында Денсаулық сақтау министрлігімен іс-қимылды үйлестіруде тығыз өзара байланыс орнату қарастырылған.

«Бүгінгі көрсеткіштер мұндай өзара байланыстың үздіксіз болуы қажеттігін көрсетіп отыр. Мысалы, тіпті, профилактика мен реабилитацияның алдын алу бойынша да. Егер бүгінде бізде реабилитация тек санаторйилік-курорттық ем түрінде қорғаныс органдарына ғана көрсетілсе, ал қазір Ұлттық жоспар тіпті амбулаторлық, стационарлық, санаторийлік-курорттық ем деңгейінде реабилитацияның үздіксіз болуын қарастырады», — деп түсіндірді С. Жақыпова.

Сонымен қатар ауруларды анықтауға ерте кірісу және олардың алдын алу мақсатында скрининг жүргізілуі тиіс аурулар тізімін кеңейту тәрізді шаралар айқындалды. Мұндай  мультидисциплинарлық командалар аурудың асқынып, салдарынан мүгедектіктің туындауына жол бермеу үшін үйлесімді жүзеге асырылуы тиіс.

С. Жақыпованың айтуынша, «Білім берудің қолжетімділігі» екінші бағыты аясында балалар үшін білім беру мекемелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгінгі таңда 7 мың білім беру мекемесінен тек 4 мыңы ғана ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдауға әзір. Бұл ретте вице-министр Ұлттық жоспарда ерекше қажеттіліктерін ескерумен балаларға арналған белгілі бір білім беру базасын құруға көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Білім беру министрлігімен бірлесіп біз ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істей алуы үшін білім беру бағдарламаларына, педагогикалық кадрларды даярлауға, онлайн-оқыту тәрізді институционалдық негіздерді құруға ерекше көңіл бөлеміз», — деді С. Жақыпова.

Бүгінде Қазақстанда 15 мыңнан астам бала үйден оқытылады. Осы балаларды әлеуметтендіріп, оларға мектептерде білім алуға мүмкіндік беру үшін ЕХӘҚМ Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, аурулар тізімін әзірлеуді жоспарлап отыр, олар бойынша балалар үйден оқытылады, және сәйкесінше баланың сыныпта оқу қажеттілігі мен мүмкіндігі анықталады. Егер сыныпта оқуға мүмкіндік болса, бұл бала басқа балалармен қатар мектепке баратын болады, егер баланың ондай мүмкіндігі болмаса, оған оқу үдерісіне қашықтан қатысуға құқық беріледі. Бұл реформа барлық білім беру деңгейлерінде іске асырылады.

Үшінші бағыт — «Кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта» бағыты бойынша биыл 1300-ден астам нысан мүмкіндіктері шектеулі жандардың қажеттіліктеріне орай бейімделеді.

«2015 жылдан бастап біздің Министрлік Қолжетімділік картасын іске қосты. Аталған картада бізде 31 мыңнан астам нысан бар, олар паспортталған және тиісінше 20 мыңнан астам нысан нақты қолжетімділік дәрежесіне ие. Алдағы уақытта 21 мың нысан бейімделуі керек. Міндет – биыл 1300-ден астам нысанды бейімдеу», — деді С. Жақыпова.

Төртінші бағыт — «Экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту» ерекше қажеттіліктері бар жандарды кәсіби бағыттау, жұмыспен қамтуда сапалы қолдау және жұмыс берушілерді ынталандыру шараларынан тұрады.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар 411 мың адам арасында 27% астамы жұмыс істейді — 111,5 мың мүмкіндігі шектеулі жан (бір жыл ішінде кемінде бір рет зейнетақы аударымдары болған). Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кәсіби бағдарлау және оңалту орталықтары құрылады, жұмысқа орналасу кезінде сүйемелденеді. Жетекшілер жұмыс процесіне бейімделуге көмектеседі, қажет болған жағдайда бағыттап, көмектеседі. Бұдан өзге, жұмыс берушінің мүгедектігі бар жанның арнайы жұмыс орнын құруға жұмсайтын шығындарын субсидиялау жалғасады.  

Бесінші бағыт — «Әлеуметтік оңалту және абилитация тиімділігін арттыру» мүмкіндіктері шектеулі жандардың толыққанды интеграциялануын қамтамасыз етуге бағытталған, оның аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік оңалуы мен абилитациясының кешенді тәсілі іске асырылады.  

Алтыншы бағыт — «Әлеуметтік қызмет көрсетуді жаңғырту» әлеуметтік қызметтердің өзара тиімді іс-қимылы есебінен әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтер көрсетудің біріктірілген моделі енгізіледі, яғни, түрлі салалардан әлеуметтік қызметкерлердің ведомствоаралық тобы кешенді түрде қызмет көрсетеді.

Жетінші бағыт — «Қоғамдық сананы жаңғырту» қоғам өмірінің толық құқылы қатысушысы ретінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды дамытуға бағытталған.   

Жалпы алғанда, Ұлттық жоспарды іске асыру мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмысын жақсарту мәселелерін жан-жақты шешуге жол ашады.

primeminister.kz

19 маусым, 2019 - 21:14 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші