check
A A A
Skip to content

You are here

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер

Журнал Труд в Казахстане, проблемы, факты, комментарии – (9(105)/2007)

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер

 

2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе әлеуметтік тәуекел жағдайы туғанда халыққа материалдық көмек беруді жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік тәуекелдің үш түрін – еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айрылуды қамтиды. Осылайша жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоспағанда, меншіктің барлық түрімен шұғылданатын ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін барлық тұлғалар еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айрылу жағдайы туындағанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.

Еңбек ету қабілетінен айрылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер – егер медициналық-әлеуметтік сараптама оған еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеген жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады. Міндетті әлеумметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алудан басқа, еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Еңбек ету қабілетінен айрылуына байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері еңбек ақының орташа айлық мөлшеріне, еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.

Асыраушысынан айрылған жағдайда төленетін төлемдер – қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған) асыраушының асырауында болған, отбасы мүшелеріне тағайындалады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған отбасы мүшелері мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан басқа асыраушысынан айрылуы жағдайына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.

 Асыраушысынан айрылуы жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері орташа айлық табысына, асырауында болған адамдар санына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.

Жұмысынан айрылған жағдайда төленетін төлемдер – егер ол үшін         6 айдан кем емес уақыт әлеуметтік аударымдар аударылған және ол ресми түрде жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарында тіркелген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады. Осылайша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы жергілікті бюджет арқылы жұмысқа орналастыру, кәсіптік қайта дайындау, қоғамдық жұмысқа тартудан басқа жұмысынан айрылуы жағдайына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Жұмысынан айрылуы жағдайына байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс мөлшеріне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қолданысқа енген кезінен бастап 2007 жылдың 1 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 448624 мың теңге әлеуметтік төлемдер төленді, оның ішінде:

  • еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша – 295265,3  мың  теңге;
  •  асыраушысынан айрылуы бойынша – 146544,8 мың  теңге;
  •  жұмысынан айрылуы бойынша – 6813,9 мың теңге.

2007 жылдың І жартыжылдығында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүргізілген әлеуметтік төлемдер сомасы 243 339,7 мың теңгені құрады, бұл 2006 жылдың І жартыжылдығымен салыстырғанда 4 есе артық, 2007 жылдың І жартыжылдығында еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айрылуы бойынша төленген әлеуметтік төлемдер сәйкесінше 160123 мың теңге, 60509,8 мың теңге және 63,9 мың теңгені құрады, және де бұл көрсеткіштер былтырғы жылдың осындай көрсеткіштерінен 4 есе жоғары.

Ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша мән бере отырып, ел Президенті «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігі, босануы мен аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді тапсырды. Әлеуметтік сақтандырудың осы түрлері бойынша әлеуметтік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысынан төлеу тапсырылды.

Осылайша, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әйелдердің жүктілігіне, босануына және бір жасқа дейінгі бала күтіміне әлеуметтік төлемдер жүргізіледі. Мұндай төлемдерді алуға ол үшін жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар жүргізген, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған, өзі үшін әлеуметтік аударымдар төлеген жұмыс істейтін әйелдер құқылы.

Жүктілігі және босануы жағдайына әлеуметтік төлем 2008 жылдың         1 қаңтарынан бастап жүктілігі және босануы бойынша демалысқа шыққан күннен жүктілігі және босануы бойынша демалыстың барлық күнтізбелік күніне тағайындалады. Осылайша 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші төлейтін жүктілігі және босануы бойынша төленетін төлемнің орнына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Жүктілігі және босануы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемдер жұмыс істейтін әйелдердің орташа айлық еңбек ақысы мөлшерінде тағайындалады деп жоспарланып отыр.

Бір жасқа толғанға дейінгі нәресте күтімі жағдайына әлеуметтік төлем нәрестеге күтім жасайтын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалады. Осылайша, жұмыс істейтін әйел нәресте күтімі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орнына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алады.

Бір жасқа толғанға дейінгі нәресте күтімі жағдайына әлеуметтік төлем әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстың 40 пайызы мөлшерінде тағайындалады деп жоспарлануда. Егер бұрын декреттік демалыста болған әйелдерге зейнетақы аударымдары жүргізілмесе, енді жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілігі, босануы және аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандырудың енгізілуіне байланысты әйелдің бала күтімі бойынша демалыста болған кезінде зейнетақы жинақтауы одан әрі жалғасады.

Төлеушілердің әлеуметтік аударымдарды уақытында және тұрақты төлеуі әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне маңызды әсер етеді.

Осыған байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік аударымдар төлеуге міндетті әрбір қызметкер төлеушіден және Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленуі және толықтығы туралы ақпаратты сұрауға және тегін алуға құқылы.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін бекітілген нысан бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың тұрғылықты жері бойынша бөлімшесіне өтініш беру қажет.

Әйелдердің жүктілігі, босануы мен аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу жұмыс берушінің қаржысынан емес, міндетті әлеуметтік сақтандыру органдары қаржысынан аналық кезінде демалыста болған әйелдерге қаржылай жәрдемақы беруді ұсынатын ана мен баланы қорғауға қатысты №103 Еңбекті Ұйымдастырудың Халықаралық Конвенциясына сәйкес келеді. Әйелдердің жүктілігі, босануы және бала туғаннан кейінгі бірінші жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының барлық қаржылық міндеттемелері «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» Заңымен кепілдендірілгендіктен, бұл кейбір жұмыс берушілердің жүкті әйелдерге деген кемсіту, тежеу сияқты қатынастарынан қорғайды. Мемлекеттің ана мен баланы қорғауға бағытталған әлеуметтік саясаты халықтың өмір сүру сапасын, мәдениетін, білімін, экономикалық жағдайының қарқынды дамуының болашағын айқындайды. Сондықтан жүктілікті, босануы және аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу ана мен бала өмірі маңызды орын алатын қоғам құру болып табылады.

 

 

С. ЖОЛДАСБАЕВ,

“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ президенті

Changed on 10 October, 2007 - 06:00
Achievements over the years of independence of RK
Targeted social assistance
Combating the worst forms of child labor
Information campaign «Safe work»
Best social projects implemented in Kazakhstan
The Republican contest «Enbekzholy»
Skills and jobs
NQS