check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Отырыс ортақ проблемаға арналды

2006-09-05:

Отырыс ортақ проблемаға арналды

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, “Еуропалық Одақтың иммиграциялық саясаты” тақырыбында семинар өткізді. Оның жұмысына Парламент Сенатының депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері және Еуропалық комиссияның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Андриан ван дер Меер қатысты.

Семинарды кіріспе сөз сөйлеп Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова ашты. Министрдің айтуынша, им­ми­­грацияның пайдалы да, пайдасыз да тұстары бар. Бұл ретте Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибелері мол. Бір кездері Қазақстаннан сыртқа кеткен адамдар сальдосының жоғары бол­ған­дығы шындық, ал бүгінгі жағдай мүл­дем басқаша. Соңғы алты жыл­дың ішін­де елге келгендердің саль­до­сы айтарлықтай өскен. Оған алды­мен елдегі экономикалық өрлеу се­бепші болса, екіншіден, Қазақ­стан­ның гео­графиялық ерекшелігі – тран­зиттік ел екендігі өз әсерін ти­гізуде. Шет­тен жеткен арзан жұмыс қо­лының, сондай-ақ өзге де рұқсат­сыз келуші­лер­дің криминалдық жағдайға кері ықпалы да көңіл аударуды қажет етеді. Қазақстан осы ретте ЕО-ның бай тәжірибесімен ортақтасып, онда­ғы жинақталған озық үлгілерді сіңі­ру­ге, миграция мәселесінде туын­да­ған сауалдарды бірлесе шешуге мүдделі.

– Әрине, біз де қарап жатқан жоқпыз, Қазақстанда иммигра­ция­лық саясатқа көп көңіл бөлінуде, – деді Г.Қарағұсова. – Осы жылдың қыр­қүйе­­гінен бастап еңбек мигрант­та­рын заңдастыру, оларды тіркеу жү­зе­ге асырылуда. Парламенттің қа­рауы­на жіберілген “Миграция ту­ралы” заң жобасы, Елбасының осы мәселе турасында 2007 жылы жаңа тұжы­рым­дама әзірлеуді тапсыруы, осыған байланысты нормативтік-құқықтық актілерді ретке келтіруге бағытталған жұмыстардың жүргізілуі Қазақ­стан­ның миграциялық саясат­қа жеткілікті көңіл бөлетіндігін көр­сетеді.

Министр келесі кезекте Қазақ­станның Бүкіләлемдік сауда ұйы­мына кіруі миграциялық саясатта бір-біріне қарама-қайшы екі міндетті алға қоя­тынын көлденең тартты. Біріншіден, еңбек ресурстарының жа­риялы­лы­ғына қол жеткізу керек болса, екінші жағынан еңбек рыногындағы өз азаматтарымыздың мүдделерін қорғау қажет. Бұл, әрине, заңды құбылыс, өйт­кені, қай ел болса да алдымен өз азаматтарының мүдделерін алдыңғы кезекке шы­ға­ра­ды. Сондықтан Қазақ­стан азама­ты­ның еңбек етіп, табыс табуын қорғау тетіктерін жасаған ұтым­ды. Осы себепті миграциялық сая­сатты заңдылық тұрғыдан жетіл­діру мақ­сатында әлемдік оң тәжіри­белердің елімізде өз көрінісін тапқаны – қажеттілік. Әрине, Қазақстан да нарықтық экономикалы ел, сон­дық­тан да еңбек етуде ешқандай шек­теу­лер, талаптар қойылмайды, алай­да заңдық негіздердің қалыптасуын жүзеге асыру – міндет.

Андриан ван дер Меер ЕО-ның иммиграциялық саясатында 1999 жылдан бері заңсыз иммиграция не­гіз­гі мәселенің бірі болуда екенін, сон­дықтан ЕО-ның миграцияны тиім­ді басқаруды кешенді түрде қа­рас­тыруға әзір екенін айтты. Негізі­нен үшінші елдерден әуе, теңіз және құрлықтағы жолдармен келіп, жұмыс қолын құрайтын бұл адамдарға бір жағынан зәрулік те бар. Өйткені, ЕО елдеріндегі адамдардың қартаюы, сәбилердің дүниеге аз келіп, демо­гра­фиялық проблемалардың туын­дауы шеттен қоныс аударушыларға қажеттілікті арттырып отыр. Алайда, оның көлеңкелі жақтары да жоқ емес. Ұйымдасқан қылмыстық топтар жалған құжаттар жасау арқылы заңсыз мигранттар санын көбейтуде. Заң­сыз мигранттардың келесі бір тобын визада көрсетілген мерзімнен артық уақытқа қалғандар (көбінесе бұл жастарға қатысты), білім алуға келген жастар, яғни оқу бітірген соң елдеріне қайтпай жұмысқа тұрып, үкімет рұқсатынсыз еңбек етіп жүргендер құрайды.

Сондықтан ЕО осы мәселеде бір жағынан адамдардың еңбек құлдығы саудасын болдырмау мен қылмыс­тық топтарды құрықтауды мақсат етумен бірге, екінші жағынан демо­гра­фия­лық және экономикалық проб­лема­ларды шешуге қажетті сая­сат­ты ұстанып отыр. Сол себепті көп­теген ізденістер жасауға тура кел­ді. Қазір ЕО адамдардың өз елде­рін­де еңбек етулері үшін арнайы қор құ­рып, еңбек ететін орындарға қара­жат бөліп, донорлық қызмет атқаруда.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Поль Браммелл министр мен Еуропалық комиссия өкілі айтқан мәселелердің ортақ проблема екенін білдірді. Себебі, деді ол, дәл осындай проблема біздің елде де бар. Біз эко­но­микамызға қажетті жоғары дәре­жедегі кәсіби мамандар мен білім алуға келгендерге әрқашан қуаныш­тымыз. Миграциялық саясаттың оң бағыт­тарын мейлінше тереңдетіп, оны еліміздің қажетіне жаратуға дайын­быз. Ұлыбритания – білім алатын жастар үшін АҚШ- тан кейін­­гі екінші ел. Биыл да Қазақ­станнан “Болашақ” бағдарламасы бойынша 450 жас тұманды Альбионға аттанбақ, ертең солармен кездесіп, сәт сапар тілемекпін.

Финляндия Ішкі істер министр­лігінің иммиграциялық саясат жө­ніндегі сарапшысы Эза Маркканен өз кезегінде баспана сұраушыларға қатысты туындайтын бірқатар қиындықтарды

таратып айтып берді.

Егемен Казакстан

2006-09-05

5 қыркүйек, 2006 - 06:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші