check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Өндірістік жарақаттану жайылмасын…

Өндірістік жарақаттану жайылмасын...

 

Астана құрылыстарына тамсанып-ақ жатамыз. Орынды. Қаланың құлаш жайып, өркендегеніне марқаямыз. Көкейге қонымды. Салынған тұрғын үйлер мен ғимараттарды, түрлі нысандарды бармақ бүгіп шат кейіпте санамалаймыз. Көңілге толымды. Осындайда бірер “әттеген-айлар” қылаң береді, бағамдап алу керектігін ескертіп оңың менен солыңды. Иә, қандай ағаттық аламан бәйгенің алдын орап, келеңсіздік торымен шырмап жүр екен?

Жақында ғана жантүршігерлік хабар жетті. 27 жасар жігіт көпқабатты үй құрылысының шырқау биігінен құлап кетіп, мерт болды. Соңғы ақпарат осы, сонысымен кетсін әрі... Жиілемесін делік. Әйткенмен, сөз тыйымы көзге тыйым бола ала ма? Жоқ. Естіп, көргенді тізсек, соңғы тоғыз айда ғана қаладағы құрылыс нысандарында 110 адам жарақат алыпты. Мерт болғандары – 30 адам. Қатігез саннан құлақ қақырайды. Амал нешік? Шындықтың бетін бүркемелей алмайсыз.

Соның себебіне келейік. Себебінің алдында салдары тұр. Санамалап сөйлесек, арнайы жасалған тексеріс көп ағаттықты әшкерелеп бергендей. Ең сорақысы сол, құрылысқа кейде кездейсоқ кісілер кіріп кетеді. Тәжірибесіз жұмысшылар үшін бәрібір, сырдың суы сирағынан келмейді. Еңбек қорғау ережесін ұстанбайды, медициналық жағынан жарамды ма, жоқ па, қыңқ етпейді. Құрылысшы санатына іліксе болды. Ондайлар арнаулы киім кимек түгілі, жеке басының қауіпсіздігіне қажетті құралдың өзін талап етпейді. Біліктілігі төмен, жинақы емес, болбырлау бозбалаға жаны ашитын кім сонда? Жаны ашымай-ақ қойсын, өндірістік талап, ұғынықты ереже-нұсқау бар емес пе? Заңды функцияларын орындауға тиісті құрылыс ұйымының басшылары, төменірек алсақ, қауіпсіздік техникасына жауаптылар ай қарап отыр ма? Неге қатаң сұралмайды олардан?

Енді сұралатын болыпты. Жаңа әкім жанға батырып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай талап қойып жатыр. Дұрыс-ақ. Немқұрайдылар мен енжарлар сазайын тартсын. Бетімен кетпесін, тежелсін. Елордадай құрылыс алаңын бейберекетсіздіктен арылтып, күтпеген оқыс оқиғалардың етек алуынан айықтыруға талпынуы, ә, бәрекелді дегізеді. 600-ге жуық қызметтік, заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы соның айқын мысалы. Біразына 15 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалатып жіберді. Қаржымен қамшылау, мүмкін, жедел айықтырар, міндеттеріне басқаша көқарас қалыптастырар, бәлкім. Бұған бәтуасыз 113 үлкенді-кішілі басшының тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын қосар болсақ, қынжылыстан гөрі қуаныш көбейіп, зақымсыз іс ілгерілер. Дәйім, солай болғанын тілейміз де.

Айылды тарту үшін алдымен тізгін тегеурінді қолда болғаны жөн. Ескертпелетіп, құр бекерге шаршаудың жөні жоқ. Кешелері көптеген келеңсіздіктерге жол берген “Алып”, “Мотив-Елім” ЖШС-лері мен “Ақмолаауылшаруашылыққұрылыс” АҚ құрылыс салуға рұқсат қағаздарынан айырылып қалуға шақ қалды. Кемшілікті қайталай берсе, қатардан шығып қалулары да ғажап емес.

Салдарын санамалағанда ой сан-сақты шарлайды. Және дөп көзделеді. Құрылысшылардың әлеуметтік жағдайын жаппай жақсы деуге ауыз бармайды. Әсіресе, жалданып жұмыс істейтіндер саяжайды паналап, тұрмыс тауқыметін тартып жүр. Ішімдікке салыну фактілері де кездеседі. Ондайлардан нендей берекелі жұмыс күтуге болады? Сондықтан кадр таңдауға талап өзгерсін.

Айтып-айтпай не керек, әкім бір ай мерзім ішінде қала құрылыс ұйымдарындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөніндегі заңдылықтардың сақталуын тексеруге әмір етті. Күпті көңіл бірте-бірте басылар. Кездейсоқтықтан сақтасын, жаманат хабар естілмесін. Елорданың құрылысы тұрғындардың шат өмірін құтайту үшін салынып жатқан жоқ па? Жақсы жаңалыққа елеңдейік!

 

Астана.

Авторы: Қайсар ӘЛІМ.

Егемен Қазақстан газеті № 278-279 (24532) 11 ҚАРАША, СЕНБІ 2006 жыл .

13 қараша, 2006 - 06:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші