check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Нарык заманында жумысшылар ушiн ен басты оппонент жумыс берушiлер болуы тиiс

Нарык заманында жумысшылар ушiн
ен басты оппонент жумыс берушiлер болуы тиiс

 

/ Гулбаршын Айтжанбайкызы / Айкын ( Алматы ), № 94 (790), 26.05.2007 г .

Гүлжан ҚАРАҚҰСОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (Министерство труда и социальной защиты населения)

– Министр ханым, сіз басқаратын ведомство Үкіметке айтылар барлық сынның өтінде, Үкіметке қалқан болып жүреді. Бірақ оның басында ылғи әйел баласы... Үнемі сын тезінде жүру жауқазындай ғана әйел затына ауыр тиіп жүрмей ме?

– Атаулы әлеуметтік көмекті беру процесінде ел қазынасынан бөлінер жәрдемақы «нан-сүтке жетеді, басқа еш нәрсе керегі жоқ» деп маңдайы терлемейтін жеңіл табысқа иек артатын, тым болмаса балалары үшін жақсы өмір сүруге талпынбайтындар тобының пайда болғанын байқадық. Бұл көмекке арналған қаржы аспаннан түсіп немесе қалталы шетелдік капиталистің қолынан шығып жатқан жоқ, мемлекеттік қазынадан бөлініп жатыр. Ал мемлекет дегеніміз – сіз бен біз. Соңғы деректер бойынша, республика бойынша 117 мың адам соңғы 15 жыл бойы жұмыс істемепті. Бізді енді ойландыра бастаған бұл проблема бүкіл әлем тап болып отырған, түйінін тарқата алмай отырған тауқыметі дер едім. Тіпті АҚШ-та бүтіндей төртінші ұрпақ мемлекеттік көмекке иек артып келіпті. Түсініп отырсыз ба? Төрт ұрпақ. Ендігі міндет – мұқтаж жандарға әлеуметтік атаулы көмекті берумен шектелмей, сол отбасына кедейлік шегінен алып шығудың механизмдерін қарастыру. Қазір Елбасы облыс, аудан әкімдері алдында осындай міндет қойды.

Әлеуметтік саламен министрліктің басына келген соң ғана таныс болдым деп айта алмаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды синтездей отырып жазған мақалаларым Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының назарына ілінсе керек. Менің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басына келуіме де сол себеп болды деп ойлаймын. Ал «Үкіметке айтылар сын тезіне менің жетекшілігімдегі ведомство ғана қалқан болып жүреді» деген анықтамаңызға мүлдем келіспеймін. Министрлік атына айтылар сынды бір ғана ведомствоның емес, бүкіл Үкімет құрамы атына айтылған сын деп қабылдау керек. Оны ешбір министрлік бөле-жара қабылдауға, немесе сіз айтпақшы, біреуі бәрін тасада қалдырып, қалқан болуға, жауапкершілік жүгін өз мойнына алуға, ал өзгелері сүттен ақ, судан таза болып сытылып шығуларына құқы жоқ деп ойлаймын.

– Гүлжан Жанпейісқызы, менің түбірім, бауырларымның бәрі ауылда, қалың қазақтың ордасы – Жетісай жерінде. Ауылдағылардың айтуынша, ауыл әкімдігі кеңсесінің аула сыпырушылығының, мектеп қарауылдығының кезегіне жүз жұмыссыз алдын ала тіркеліп қойған, «наны бар мәнсап». Сіз 117 мың отандасымызға «мемлекеттік көмекке иек артып алған, маңдайы терлемейтіндер» деп сырттай асығыс шешім шығармас бұрын, сол азаматтарымызды жұмысқа орналастыратын өндіріс ошағын жолға қойып алғаныңыз дұрыс болар.

– Біздің дағдарысты кезеңді артқа тастағанымызға бар болғаны 4-5 жыл ғана уақыт өтті. Қазірдің өзінде жыл сайын әр салада 21 мың жұмыс орны жұмыс қолын қажетсініп тұр. Бұл тек қалада ғана емес. Ауылда техника тілін білетін орта дәрежелі техникалық мамандар, жоғары білімді жас мамандар жоқ.

– Шетелдік жұмыс күштеріне деген сұраныс ішкі рыноктағы сұраныс пен ұсыныс бір жүйеге негізделмегендіктен дейміз. Демек, проблеманы шешу түйіні жалғыз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғана емес, ҚР Білім және ғылым министрлігінің де араласуын қажетсінетін болар...

– Әрине. Егер біз инновациялы-индустриалды ел болғымыз келсе, бізге сол деңгейде мамандар да керек екені бесенеден белгілі. Қазір жастарымыздың 12,1 пайызы жұмыссыз жүр. Ендігі міндет – орта мектепті бітірген ауыл, қала жастарын кәсіптік-техникалық оқу орындарына тарту, оларды жатақханамен, шәкіртақымен, тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Егер осы жайттар жақын болашақта шешілмесе, әлеуметтік-саяси тұрақтылығымызға үлкен қатер төнуі мүмкін. Құдайға шүкір, бұл салада толық шешілмесе де, ілгерілеушілік бар. Мемқазынадан тиісті қаржы да бөлінді. Қазір кәсіби-техникалық білім беретін жүйені қалыптастыру туралы бағдарлама әзірленіп жатыр. Атырауда мұнай-газ саласына мамандар дайындайтын колледж ашылды. 2008 жылы Шығыс Қазақстанда машина құрылысы, Оңтүстік Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп, Қарағандыда тау-кен комплексіне қатысты оқу орындары ашылмақшы. Бұл – ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп көтерген бастамамыз. Бұған жұмыс берушілер де мүдделі. Бұл – өндіріс пен теорияның бір-бірімен байланысқа шығуына бағытталған алғашқы қадам.

– Сіздер бұл бастамаларыңыз арқылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ауласына» түсіп кеткен жоқсыздар ма? Әлде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі құзыреттің аумағын тарсынып жүрсіздер ме?

– Түрлі салалық ведомстволардың, министрліктің арасында жанды байланыс болмай келді. Мен, сіз айтпақшы, ешкімнің «ауласын» қажетсініп отырған жоқпын, бірақ кей кезде өкілеттілігіміздің жетпей жататыны рас. Неге дейсіз ғой? Әлеуметтік сала – ең күрделі сала. Бұл салаға бөлінген қаржы басқа салалар сияқты көзге көрініп, еселеп қайтпайды. Бұл – халықтың әл-ауқатының көтерілуімен айшықталатын мемлекеттік маңызы бар стратегия. Қоғамның бай-кедей болып бөлінуі нарық заңының басты сипаттамасы десек те, «Еңбегіне қарай – жемісі» деген халық даналығының расталып келе жатқанын жоққа шығара алмайтын шығарсыз.

– Мемлекеттік атаулы көмек көлемі жыл сайын өсіп отырса да, кедейлердің қатары кемімей отыр. Вакансия жеткілікті болса да, жұмыссыздар көп.

– Елбасының бір баяндамасындағы «бәсекеге қабілетті ел болғымыз келсе, өмір бойы оқуымыз керек» дегені есіңізде болар. Қазір өндірістің даму деңгейі инновациялық үрдістердің даму деңгейіне ілесе алар емес. Ақпаратты технологиялардың даму деңгейін революциялық дүмпумен теңестіруге болады. Бірқатар мамандықтардың атауы өзгермегенмен, сол мамандыққа деген талап уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Бұған еліміздің білім беру жүйесі ішінара дайын болмай шықты. Кеңес жүйесі кезінде бізді бір орында 40 жыл тапжылмай отырып зейнетақыға шығуды ғана үйретті.

– Бұған Кеңес жүйесі кезінде арман болып көрінген жоғары оқу орындарының студенттерді қабылдау талабының бүгінгі күні сын көтермейтіндігі себеп болып отыр ма? Әлде соңғы тиынын ақылы оқу бөліміне санап берген, «балам бастық болса екен» деген ойда жүрген ата-ананың үкілі үміті ме?

– Пікіріңізге жүз пайыз келісемін. Қосымша айтарым, Кеңес жүйесі кезінде маман дайындау мен өндіріс деңгейі арасында баланс болды. Бізде ол жоқ. Нарық заңы ішкі рыноктағы балансты өзі реттеп алады десек те, бірқатар жоғары оқу орындарының осы заңдылыққа икемделмей келгені, мамандарымыздың жұмыс берушілердің талабына ғана емес, инновациялық даму үрдісіне ілесе алмай жүргені – шындық.

– Елбасы зейнетақы қорларына байланысты сингапурліктердің тәжірибесін қолдану қажет деген ұсыныс айтуы сол екен, барлық мемлекеттік, мемлекеттік емес компаниялар одан үмітті екенін айтып, мәлімдеме жасап жатыр. Зейнетақы салымдарының экономиканың нақты тетіктеріне салынуына сіз қалай қарайсыз?

– Үкімет экономикалық сектордың жұмысын дамыту мақсатында экономикаға қаржы салудың балама тәсілдерін әзірледі, соның нәтижесінде 2006 жылы Үкімет тапсырмасымен кепілдендірілген инфрақұрылымдық облигациялар айналымға енді. Рас, зейнетақы салымдарын инвестициялаудан барлық мемлекеттік, мемлекеттік емес құрылымдар мүдделі. Бірақ зейнетақы салымдарының бұл арада азаматтарымыздың зейнет жасындағы алаңсыз өмірінің кепілі екендігін ұмытпауымыз керек. Қазір ведомство қабырғасында бұл мәселе жан-жақты талқыланып жатыр. Бірақ бір нәрсе ақиқат: Жекелеген елдердің тәжірибесін (ол осы салада бас айналдырарлықтай нәтижеге жетсе де) сол таза күйінде көшіріп алуға болмайды. «Солақай көшірмелердің» жерімізді жерсініп кете алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеген.

– Егер зейнетақы жүйесіне Сингапур әдісі енгізілер болса, оған қай санаттағы қызметкерлер кіреді?

– Сингапур тәжірибесінде әрбір жұмыс беруші бірыңғай зейнетақы қорына қызметкердің айлық жалақысының 20 пайызын, ал 13 пайызды қызметкер өз еркімен аудару керек. Сонда қызметкердің 33 пайыздық салымының 20 пайызы «қарапайым есепшотқа», 5 пайызы «арнайы есепшотқа», 6 пайызы «медициналық шотқа» кетеді. Сингапур жағдайында тұрғын үйге берілген ипотекалық несие зейнетақы салымының бір бөлігі – «қарапайым есепшот» есебінен жабылады. Сингапур әдісі туралы ұсыныс әзірге идея күйінде тұр. Қазақстандықтардың зейнетақы салымдары бар болғаны 10 пайыз, сингапурліктерден үш есе аз. Екіншіден, Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің зейнетақы жарнасының деңгейі де, зейнетақы активтеріне түскен табыс деңгейі де өте төмен. Еліміз бойынша орта есеппен алғанда әрбір азаматтың қордағы жинақталған қаржысы тым көп те емес, орта есеппен әрбір салымшыға шаққанда 110-120 мыңнан келеді. Зейнетақы жүйесі дәл осы үрдіспен жалғаса берсе, сіздің замандастарыңыздың басым көпшілігі алаңсыз өмірді қамтамасыз ететін зейнетақыға қолы жетеді деп айта алмаймын. Зейнетақы салымдарын алдын ала жеке шоттан алу немесе оны басқа мақсатқа қолдану біздің тәжірибемізде болған емес. Жалпы, зейнетақы жүйесіне жүргізілген кез келген реформа, оның ішінде Сингапур тәжірибесін қолданысқа енгізу жан-жақты талқыланған ғылыми негіздемені, дәлме-дәл актуарлы есепті қажетсінеді. Біз зейнетақы жүйесіндегі қалыптасқан үрдіске қоса, әлеуметтік салық есебінен зейнетақы салымының қосымша деңгейінің қалыптасқанын қалар едік. Зейнетақы салымының тағдырын бір есепшотқа сеніп тапсыру оның сақталуына кепілдік бермейді және тиімсіз. Бұл жүйе алғашқы дағдарыс жылдарында қажет те болды және ол өзін ақтады да. Ал қазір заман басқа. Алғашқы жүйе мемлекет есебінен болса, екінші жүйе жұмыс беруші есебінен толығып отырады. Нақты ұсынысым, 2010 жылдан бастап әлеуметтік салық есебінен қосымша зейнетақы салымы жүйесін енгізу керек деп ойлаймын.

– Кезінде Даниал Ахметов басқарған Үкімет зейнетақы қорлары туралы мәселе көтеріп, оны жетілдіруді тапсырғаны есімізде. Жауап ретінде сіздің «зейнетақы активтерін инвестициялық жобаларға салайық, оған Үкімет кепілдік беруі керек» дегеніңізді де ұмытқан жоқпыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде зейнетақы салымдары үшін инвестжобалардың қай түрі тиімді деп ойлайсыз?

– Зейнетақы салымдарын жеке секторға салуға болмайды. Есіңізде болса, доллар бағамы құлдыраған сәтте ҚР Парламенті қабырғасындағы «Енді зейнетақы салымдарының күні не болады» деген дүдәмал сұрақ туындағанда, «Біздің басымызды қатырмаңыздар. Доллар бір-ақ күнде құлдырады. Ал біз зейнетақы салымдарының инфляциядан қорғалуына, инвестициялық профильдердің жұмыс істеуіне жеткілікті уақыт бөлдік. Инвестициялық профильдердің табысты болуына бас ауыртқан қайсыларыңыз бар?» деп жауап бергенмін. Қазір бізде жұмыс істеп жатқан мемлекеттік және мемлекеттік емес зейнетақы қорларының басты мақсаты – қор нарығындағы әрбір сәтті жағдайды қалт жібермей қадағалау, сәтті тұстарды өзіңе қарай икемдеу. Егер зейнетақы салымдарын қор биржаларына салу қажет болса, «А» листингісі бойынша айналымға енгені тиімді деп ойлаймын. Әңгіме жекелеген сектордың қаржылық тәуекелі емес, мемлекетіміздің әлеуметтік стратегиясының тұрақтылығы жөнінде болып тұр.

– «Миттал Стил Теміртау» АҚ компаниясы кәсіподақ ұйымы жұмысшылары сізді шахтерлер алдында жауап беруге шақырғаны бізге БАҚ арқылы мәлім. Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

– «Миттал Стил Теміртау» АҚ-тағы түсінбестікті реттеу туралы мәселе министрліктің, әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш тараптан құрылған комиссияның бақылауында тұр. «Миттал Стил Теміртау» АҚ жұмысшыларымен келіссөздер барысында бірқатар мәмілеге қол жеткені туралы хабарыңыз бар шығар деп ойлаймын. 2006 жылдың қазан айынан бастап жұмысшылар жалақысы 20 пайызға, 2007 жылдың 1 ақпанынан бастап 10 пайызға өсті. Республикалық үш тарапты комиссия мәжілісінде Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік компанияларды комиссия жұмысына қатыстыру туралы мәселе қойылды. Бұл елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар қазақстандық жұмыс берушілермен тең жағдайда өз ұсыныстарын айтуға және өз міндеттемелері үшін жауапкершілік жүгін тең жағдайда мойындарына алуға мүмкіндік береді. Рас, «Миттал Стил Теміртау» АҚ жұмысшылары жалақы мөлшерін көтеру туралы мәселені күн тәртібіне қойып келеді. Қазір жұмысшылар мүддесіне негізделген бірнеше ұсыныстар өзара келісілген байланыстар шеңберінде талқыланып жатыр. Еңбекті қорғау, жалақы мөлшері, жұмыс мерзімінің ұзақтығы және демалыс мерзімі бірнеше жылдық тәжірибесі бар дамыған елдердің салалық деңгейінде шешілуі тиіс.

Мен бір нәрсені ескерткім келеді. Кәсіподақтардың нарық заңына бейімделетін кезі жетті. Барлық кінәні мемлекетке, одан қалса, Үкіметке аударудың кезі өткенін мойындауымыз қажет. Нарық заманында жұмысшылар үшін ең басты оппонент өзге емес, жұмыс берушілер болуы тиіс.

– Қазір Қазақстан Үкіметі ДСҰ-ға мүше елдердің өкілдерімен келісімді бастап кетті. АҚШ-қа Қазақ елі атынан барған келісім комиссиясының құрамында сіздің болғаныңызды да білеміз. Сіз ДСҰ-ға ертеректе мүше болған елдер алдында қазақстандықтардың мүддесін қай қырынан қорғадыңыз?

– Менің ұсынысым – ДСҰ-ға мүше бола отырып, орта деңгейдегі мамандарды дайындауға көңіл бөлу. Қазақстанның еңбек нарығына қазір түрік, қырғыз, өзбек, одан қалса, қытай мамандары ғана ықыласты. Қазақстанға келемін деп құлшынып отырған олардан өзге елдің мамандары туралы естімедім. Шетелдік жұмыс күшін тарта отырып, өз мамандарымызды дайындау керек. Егер миграциялық үрдістер барынша айқын болса, оның жұмыс үрдісі нарық заңына бейімделе ұйымдастырылса, біз бас-аяғы екі жылдың ішінде ішкі еңбек нарығын өз мамандарымызбен-ақ толықтыра аламыз.

– Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған жағдайда еңбек нарығын либерализациялауға мәжбүр болатынымыз белгілі. Мұның қорытындысы жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы елімізде орын алған жағымсыз оқиғамен аяқталмасына кім кепілдік береді?

– Біз, ең бастысы, ішкі еңбек нарығын қорғауға басымдық беруіміз қажет. Неге дейсіз ғой? ДСҰ жағдайында ішкі еңбек нарығын либерализациялау тек кәсіби білігі жоғары шетелдік мамандардың қатысуымен жүргізілетіні халықаралық тәжірибеден белгілі. Мен мұның себебін алдымен экономикадағы позитивтік өзгерістермен, ішкі нарықтағы білікті мамандардың жеткіліксіздігімен байланыстырар едім. Қазақстан қазір де, алдағы уақытта да ғылымның жекелеген салалары бойынша тәжірибелі мамандарды, арнайы кәсіптік білімі бар жұмыс күштерін елге шақыруға мүдделі. Бұл – қажеттілік. Ішкі корпоративті аударымдар шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тартқан кезде экономикалық кажеттілікке тест (ішкі еңбек рыногында тиісті маманды іздеу) қолданылады және компаниялардағы ұлттық кадрлардың үлес салмағы 50 пайыздық деңгейден кем болмауы жөнінде талаптар қойылады.

– Қазақ және түрік жұмысшылары арасындағы жағдай біздің Еңбек кодексінің кейбір баптарын қайта қарауды қажетсінді. Елбасы кеше ғана қол қойған, «буы бұрқырап» тұрған жаңа заң кәсіподақтардың қоғам алдындағы міндетін жоққа шығаратын сияқты..

– Атыраудағы тұрмыстық негізде басталған жанжал тараптардың қолданыста жүрген Еңбек кодекстерін білмегендіктен туындаған. Бұл арада жанжалдың республикалық деңгейде өрістеуіне мүдделі топтардың болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бұған қоса, шетелдік жұмысшы күштеріне рұқсат беру мәселелерінде бірқатар кемшіліктер орын алған. Жергілікті билік орындары елге келген шетелдік жұмысшылардың рұқсатта берілген мамандықтарға сәйкес жұмыс істеп жатқанын тексеру керек еді. Рұқсат бергенде де компанияда қанша жұмыс орны бар екендігі, оның қаншасы жергілікті, қаншасы шетелдік жұмысшыларға тиісті екендігін бақылауы және рұқсаттың ерекше шарттарының қалай орындалғанын қадағалауы тиіс еді. Жергілікті органдар шетелдік еңбек күштерін тартуға рұқсат берген кезінде өздерінің құқықтарын толық пайдаланбаған, бұл жанжалдың орын алуына жанама болса да себепкер болуы мүмкін. Себебі шетелдік инвесторлардың өзі бізбен кездескенде «бізге жергілікті мамандардан жұмысшы күшін тарту арзанға түседі» дегенді жиі айтады. Егер Еңбек туралы заң талаптары бұзылып немесе екіжақты келісімшарттың белгіленген міндеттері орындалмай жатса, онда әңгіме басқа, жұмыс беруші жауап беруге тиіс.

– Сонда түсінбестіктің себеп-салдары не деп ойлайсыз? Жұмысшылардың сауатсыздығы ғана ма, әлде бір топ сол жанжал-түсінбестіктен өзіне ұпай жинап алғысы келді ме?

– Екеуі де мүмкін. Соңғы уақытта кәсіподақтарда «кез келген проблеманың шешімін Үкімет шешуі керек» деген пікір қалыптасқан. Кәсіподақ өте күшті болуы керек, білімді болуы тиіс. Жұмыс берушіге «Еңбек өнімділігі көтерілді, түскен пайдаңның бір бөлігін құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсасаң, бір бөлігін жұмысшыларыңның еңбек-ақысын көтеруге жұмса» деп Үкімет емес, жергілікті кәсіподақ басшысы айтуы тиіс. Жалақы мөлшерін наразылық шеруі арқылы арттыруға қол жеткіземіз деген ой тым ақылды шешім емес. Оған жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы салиқалы келісімдер арқылы ғана қол жеткізу қажет. Екі тараптың арасындағы әңгімеге Үкіметті араластыруға болмайды.

– Гүлжан Жанпейісқызы, сіз өрімдей-өрімдей үш перзент тәрбиелеп отырған бақытты анасыз. Жас аналарға деген мемлекет қамқорлығы тиісті дәрежеде емес деп ойламаймын. Дегенмен жаңа туған сәбилерге тиесілі көмек мөлшері сізді, мүмкіндік болып жатса, өмірге төртінші сәбиіңізді алып келуге ынталандыра алар ма еді?

– Есіңізде болса, 9-10 бала тәрбиелеген батыр анамыз мемлекеттен бөлінер жәрдемақыға иек артты ма, дуалы ауызды ақсақалы бар ауыл жетімі мен жесірін сыртқа жіберді ме? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне осы сипаттағы сұрақтарды қоймас бұрын, қасиетті Құран сүрелерін бір зерделеп шығуға кеңес берер едім. Іштен шыққан перзентің өміріңнің жалғасы болғандықтан, сәби өміріне Құдай алдында да, қоғам алдында да тек сіз ғана жауаптысыз. Мемлекеттің бөліп отырған азын-аулақ қаржысы сізді бұл жауапкершіліктен құтқара алмайды. Егер сіз перзентіңізге аналық мейіріміңізден бөлек жақсы өмір сыйлай алатыныңызға сенбесіңіз, бақытсыз шаранаға өмір бермей-ақ қойыңыз дер едім.

Мен отбасында жалғыз перзент болғандықтан, өзіммен жатырлас аға-іні, апа-сіңлі маған орындалмас арман еді. Бала күнімнен «кейін тұрмыс құрғанда көп балалы боламын, менен шыққан бала мен сияқты жалғыз болып өспейді» деген арманмен өстім. 45 жасқа дейін үй-күйсіз жүргеніміз, жалғыз бөлмелі жатақханада тұрғанымыз менің үш балалы болуыма да, балаларымның жан-жағына сыйлы азамат болып қалыптасуына да кедергі келтіре алмады. Себеп-салдардың бәріне заман кінәлі дейтіндер баршылық. Оларға айтарым, заман тыныш, заман орнында, тек адамдардың пейілі өзгерді. Әйтпесе, «Бір қозы туса, бір шөп артық шығады» деген қазақтың ұрпағы емеспіз бе?

– Қазақстан соңғы бес-алты жылдың көлемінде әлеуметтік бағдарламалар еліне айналды. Бұл жемісін бергені де даусыз. Ресей Федерациясының демографиялық дүмпу жасауға деген талпынысына сіз басқарған ведомство қалай қарайды? Оған сол деңгейде жауап бере ала ма?

– Ресей бұл қадамға президент сайлауы, Дума сайлауы қарсаңында барып отырғанын естен шығармаңыз. Мұны бір жақтан электоралды кезеңнің алдында әлеуметтік мәселелерді көзір картасы ретінде шығарды десе де болады. Мұның нәтижесіне баға беруге әзірге асықпайық. Ресейдің мұнысы басқа амалының болмағандығынан ба деп те ойлаймын. Бұған халық өсіміндегі регрессивті сипаттар да әсер етіп отыр. 2004 жылы Ресей Федерациясында 1000 адамға 10,4 баладан келсе, Қазақстанда ол көрсеткіш – 18,2. Халықтың табиғи өсімі 1000 адамға есептегенде 5,6 болса, біздің елімізде ол көрсеткіш – 8,1. Байқап отырған боларсыз, солтүстік көршімізде өлім деңгейі табиғи өсімнен асып түссе, бізде ол – керісінше. Әлеуметтік саясат барынша анық болуы керек, ашық болуы керек, ол әлде бір науқанның немесе саясаттың қолындағы қолшоқпар болмауы тиіс дегенді мен көптен айтып келемін. Әзірге беталыс жаман емес. Бес-алты жыл көлемінде халықтың демографиялық өсімінде біршама ілгерілеушілік бар. Ауыл ғана емес, қаладағы отбасыларда үшінші, төртінші сәби дүниеге келе бастады. 2003 жылы жөргекпұлға республикалық бюджеттен небәрі 2,1 млрд төленсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 4,6 млрд теңгеге жеткен. Біз айтар ұсынысымызды Үкіметке айтқанбыз. Үкімет одан құлағдар. Егер бәрі сәтті болса, алдағы екі-үш жылдың ішінде жаңа туған балаларға берілер бір жолғы жәрдемақы, жөргөкпұл Ресей үкіметі уәде беріп отырған деңгейге жетіп қалар деп үміттенеміз.

– Министр ханым! Жеке өміріңізге қатысты сұрақ қойсам деймін. Елімізде көпшілік назарында жүрген министр қыздарымыздың өмірде де отбасылық сыры, жыры бір құрбылар екені рас па?

– Біз өмірде жұбы жазылмайтын құрбылармыз десем, артық айтқандық болар. Бірақ бір-біріміздің жолымызды кесіп, ер-азамат министрлердің арасында «әй, әйелдер-ай» деген жел сөздің орын алуына жол берген емеспіз.

– Сырт көз сізді 35-40 жастағы келіншек деп ойлайды. Бет әлпетіңіздің әдемі сақталуына, ажарыңыздың таймауына сән салондары, пластикалық операция, қымбат опа-далаптар септігін тигізетін шығар...

– Сіз бен біздің әңгімеміз күндізгі 16 сағат 30 минутта басталып, кешкі сағат 19 сағат 30 минутта аяқталды. Бұл – менің күнделікті жұмыс кестем. Сонда салонға баруға қосымша уақытты кім береді? Сіз айтқандай, өз жасымнан әлдеқайда жас көрінсем, бұл менің табиғатымнан болар. Менің анам 78 жасқа келсе де, бет әлпетіне қарап, 60 жасты әзер қиясыз.

 

 

Материал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақпараттық талдау орталығының тапсырмасымен «Медиа-Систем» Агенттігінен алынған

26 мамыр, 2007 - 06:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші