A A A
Мазмұнына өту

You are here

Парламент Сенаты депутаттарының мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі талқыланды

Парламент Сенаты депутаттарының мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде

Парламент Сенаты депутаттарының мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бүгінгі кездесуінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі талқыланды.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен болған шараның негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңын жүзеге асыру және Қазақстандағы мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жобасын орындау мәселесі болды.

Кездесуді аша келіп, комитет төрағасы Ақан Бижанов қоғамдық өмірге қатысу үшін мүгедектерге тең мүмкіндіктер жасау, мүгедектерді әлеуметтік қорғау және кәсіби тұрғыда оңалту жүйесін қалыптастыру қажеттігі туралы айтты.

«Қазіргі кезде елімізде 563 мың мүгедектер бар, бұл жалпы халықтың 3 пайызынан асады»,-деді сенатор.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Заңнама халыққа еңбекке жарамдылықты жоғалту қаупін ескертуге, мүгедек болған жағдайда әлеуметтік қамтамасыз ету және қолдау, өмірі қиын жағдайдағы адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған.

А.Бижанов айтқандай, былтыр мемлекет бюджетінің мүгедектерді әлеуметтік қолдау шығындары 128 миллиард теңгені құрады. Дегенмен, мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Мәселен, мүгедектерді еңбекке орналастыруда көптеген қиындықтар кездеседі, олардың инфрақұрылымдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар өз деңгейінде емес. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік басқару органдарында мүгедектер арбасына арналған кірме жолдар құрылысын салуға, жүруіне арналған құрылғыларға, жаяулар жолдарын дыбыс және жарық белгілерін беру құралдарымен, мүгедектерді көлікке отырғызу және түсіру тетіктерімен жабдықтауға жеткілікті назар аударылмайды.

Кездесуде сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мекеменің мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстары туралы депутаттарды хабардар етті.

Министр баяндағандай, Қазақстандағы мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жобасы аясында «мүгедектерді айналадағы ортаға, инфрақұрылым нысандарына, көлік, ақпарат және байланысқа, білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қызмет көрсету ісіне бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету» шаралары қарастырылып жатыр.

Талқылау барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің басшысы С.Нокин, көлік және коммуникация министрінің орынбасары Р.Скляр, байланыс және ақпарат министрінің орынбасары С.Сәрсенов, Астана қаласы, Ақтөбе және Ақмола облыстары әкімдіктерінің өкілдері, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

9 қараша, 2011 - 15:14 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші