check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрі Т.Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатына мүмкіндігі шектеулі адамдардың (мүгедектердің) құқығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі баяндамасының тезистері 21 сәуір 2014 ж

Қазіргі уақытта елімізде 600 мыңнан астам немесе халықтың жалпы санының 3,5 %-нан астам  мүгедек өмір сүреді  (оның ішінде  69 мың мүгедек бала). Мүгедектікті түсіну мен мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың жаңа ұғымы әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеу мәселесін ғана емес,  мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін де қамтиды.  

Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға және  оған  Факультативтік хаттамаға қол қоя отырып, халықаралық стандарттарды имплементациялау жөнінде міндеттеме алды.  

Бұл міндеттемелерді іске асыру үшін «Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған жоспар» қабылданған болатын. Осы Жоспардың шеңберінде қолданыстағы заңнаманың Конвенция ережелерімен сәйкестігіне талдау жүргізілді. «Кейбір заңнамалық актілерге мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Жобаға сәйкес Қазақстан Республикасының 30 нормативтік-құқықтық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Мүгедектіктің басталу қатерінің алдын алу туралы

Сәби жастағы балалардың патологиясын уақтылы анықтау жұмыстары күшейтілді (психофизикалық скрининг, жаңа туған нәрестелерге аудиологиялық скрининг), білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттер желісі қалпына келтірілуде. Туа біткен патологиялар бойынша соңғы үш жылда балалар арасындағы алғашқы мүгедектік деңгейі 1,1 %-ға төмендеді. 

Мүгедектікке әкеп соғатын патологиялардың арасында жүрек-қан тамыр аурулары әлі де бірінші орында тұр - соңғы үш жылда осындай сырқат адамдардың үлес салмағын, олардың жалпы санының 15,7 % деңгейінде тұрақтандыруға қол жетті. 

Кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында Қазақстанның ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарында халықаралық және ұлттық еңбек стандарттары енгізілуде, өндіріс түрлерінің және ерекше қауіпті және ерекше зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер кәсіптерінің жаңа тізбесі бекітілді. Ағымдағы жылдың басынан бастап  еңбек жағдайы ерекше қауіпті және ерекше зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерді міндетті кәсіптік сақтандыруға көшу жүзеге асырылды.

Зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес өнеркәсіптік нысандарды аттестаттауда расталған қауіпті және зиянды еңбек жағдайларын жойған жағдайда, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Биылғы жылы төрт өңірде (ШҚО, Павлодар, Алматы, Қызылорда облыстары) ерікті жария ету тәжірибесі іске асырылады, бұл еңбек жағдайларының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз еткен кәсіпорындардың сертификат алуына және кәсіпорындардың тиісті тізіліміне енуіне мүмкіндік береді. Мұндай кәсіпорындар 3 жылға дейін жоспарлы тексеруден босатылады. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне 9 кәсіпорын осындай сенім сертификатына ие болды.      

 Бұл бағыттағы жұмыс жаңа технологиялық процестерді, кәсіптерді және өндірістік факторларды ескере отырып кәсіби аурулардың тізімін әзірлеп, бекітуді, кәсіптік және өндірістік-шартты аурулардың жоғары қатерлі топтарын бөлу критерийлерін әзірлеуді; кәсіптік және өндірістік-шартты аурулардың жоғары қатерлі топтарындағы адамдар үшін медициналық және кәсіптік оңалту, сауықтыру емдеу әдістемесін жетілдіруді қамтиды.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) жүргізу  немесе  тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін белгілеу шараларын жетілдіру туралы

Қазіргі уақытта 126 МӘС бөлімі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізеді. Жыл сайын шамамен екі жүз мың адам олардың мүгедектікті белгілеу қызметімен қамтылады.

Соңғы жылдары МӘС нормативтік-құқықтық базасы жүйеленіп,   тыныс-тіршілігінің шектелу, жалпы және кәсіби еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеудің бірыңғай критерийлері айқындалды. Мүгедектердің орталықтандырылған деректер базасы  мүгедектердің сандық және сапалық құрылымы мониторингін жүргізуге және МӘС-тің мүгедектікті дұрыс белгілеу және оңалту іс-шараларын жүргізу бөлігіндегі қызметінің  тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

 Мүгедектерді қайта куәландырулардың саны тұрақтандырылды, алғаш мүгедек деп танылатын адамдар санын қысқарту, сондай-ақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар қатарында мүгедектік деңгейін төмендету межеленіп отыр.

 Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметтің 9 түрін біріктіретін электрондық композиттік қызметтерді енгізуге дайындық жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Халықаралық тіршілік-тынысы мен денсаулықтың қызмет етуі, шектелуі жіктеуішін енгізу мәселесін қарастыру жоспарланған. Бұл жүйе мүгедектердің денсаулығы мен мүмкіндіктерінің деңгейін салыстыру арқылы мүмкіндіктері шектеулі адамдардың еңбек ету қабілетін айқындауға мүмкіндік береді.

Мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың барабар жүйесін қалыптастыру

Қазіргі кезде мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдау үшін мынадай шаралар қабылдануда:

  1. әлеуметтік қамсыздандырудың көпдеңгейлі жүйесі аясында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және МӘСҚ-дан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер беріледі;
  2. мемлекеттік бюджеттен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар төлемі нысанында әлеуметтік көмек және жергілікті деңгейде қолдау түрлері көрсетіледі. Мүгедектерге тұрмыстық қызмет, жеңілдіктер мен жәрдемақылар алуға қажетті құжаттарды ресімдеуде кешенді қолдау және көмек көрсетіледі;

3) мүгедектерді оңалту тиімділігін арттыру үшін «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңына сәйкес  арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне реформа жүргізу басталды. 

Арнаулы әлеуметтік қызметпен жыл сайын көмекке мұқтаж 80 мыңнан астам адам қамтылады. Бұл ретте стационар (дәстүрлі медициналық әлеуметтік мекеме), жартылай стационар (күндізгі бөлімшелер), үйде күтім жасау жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету түрлерін таңдау мүмкіндігі берілген.

Экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да күндіз болу бөлімшелерінде, мүгедек балаларды оңалтудың күндізгі орталықтарында әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандарын дамыту, мүгедек балалардың және егде жастағы адамдардың отбасында тұруын қолдау және соған жетелеу тиімдірек деп есептейміз.

Осыған орай еліміздің 14 өңірінде 42 күндіз болу бөлімшесінің ашылғанын ерекше атап өткіміз келеді. Былтырғы жылы сол бөлімшелерде төрт мыңдай адамға әлеуметтік қызмет көрсетілді. Осы бөлімшелердің жұмысының арқасында 402 балаға отбасына оралуға, ал бес жүздей мүгедек баланың ата-анасы күні бойы осы бөлімшелерге балаларын орналастырып,  жұмысқа тұруына мүмкіндік берілді.

 Адамның өз үйінде барынша көбірек болуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы кеңейтілуде. 55 ҮЕҰ орналастырылған мемлекеттік тапсырыс негізінде  2013 жылы 3 мыңнан астам адам қызметпен қамтылды.   Бұл тәжірибе Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында кеңірек таралған.

Кәсіптік оңалту  

Соңғы үш жылда жоғары оқу орындарына  квота бойынша 680-нен астам  мүгедек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тағы да 1146 мүгедек қабылданды. Жыл сайын еліміздің ЖОО мен колледждерінде 2800-дей мүгедек оқиды. Олардың көбісіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеңілдікті стипендия беріледі. Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру кезеңінде (2011-2013 жж.) кәсіптік оқу мен қайта даярлауға жіберілген 478  мүгедектің жартысынан көбі тұрақты жұмыс тапты. Тағы да 117 мүгедек кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтті.

2015 жылға қарай Қазақстанда шамамен мектептердің 20 %-ында кедергісіз мектеп ортасын қалыптастыру жоспарлануда. 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен үйде оқитын мүмкіндіктері шектеулі 9000 балаға арналған оқу орнын жабдықтау үшін қаражат бөлінді. Бұл компьютерлер, қосымша техникалық құралдар сатып алу және Интернет желісіне қосылу дегенді білдіреді. Арнайы түзеу мектептері арнаулы жабдықтармен жарақтандырылуда. Бүгінгі таңда 43% арнайы білім беру ұйымы мүмкіндіктері шектеулі балалардың танымын дамытуға ықпал ететін қымбат тұратын мультимедиялық білім беру жүйелерімен  (Eduplay, Multikid, Sound beam), интерактивтік тақталармен жабдықталған.  

 ҚР мүгедектердің жалпы санының  65,6 %-ы еңбек етуге қабілетті жастағы адамдар, оның ішінде 47 %-дан астамын нәтижелі жұмыспен қамтуға ешқандай да кедергі жоқ. Жұмыс істейтін мүгедектердің саны 82 мыңнан аспайды, бұл еңбек ету қабілеті сақталған мүгедектердің 43,5 %-ы дегенді білдіреді.  

 Мүгедектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің негізгі тетіктері  жұмыс берушіде арнаулы жұмыс орындары болған жағдайда, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, тауар өндіретін, жұмыстарды орындайтын, қызмет көрсететін мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдарды қолдау мүгедектерді жұмысқа орналастырудың негізгі механизмдері болып отыр. Бүгінгі күні Қазақстанда 33 – соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны және 18 – саңыраулар қоғамы қызмет етуде, онда шамамен төрт мыңдай мүгедек жұмыс істейді. 2014 жылы мүгедектерді жұмысқа орналастырудың өңірлік карталары дайындалды, соларға сәйкес 6600-дей мүгедекті жұмысқа тұрғызу жоспарлануда.

Заң жобасында[1] мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарын құратын, сол сияқты мүгедектер үшін жұмыс жағдайларын жасайтын жұмыс берушілерді қолдау механизмі көзделген. Сонымен қатар мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау тетігі қайта қаралады.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы мүгедектер құрған қоғамдық ұйымдарға тифлотехникалық құралдар, арнайы жылжу құралдарын, міндетті гигиеналық құралдар шығаруға құқық береді.

 Жұмыспен қамту 2020 жол картасына қатысушылардың контингенті кеңейтілді және кейіннен жұмысқа орналасу,  ауылды жерлерде жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге микрокредит алу мақсатында кәсіптік қосымша оқудан өтуге мүмкіндік берілген мүгедек адамдарды қамтиды. Жұмыс берушінің қажеттігіне қарай экономикалық өсу орталықтарына ерікті түрде көшуді ұйымдастыру көзделеді. 

 Қолжетімді орта құру

 Өңірлерде мүгедектер істері жөніндегі кеңестер, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдерінен сараптамалық топтар, паспорттауды жүргізу үшін арнаулы жұмыс орындары құрылды. Әлеуметтік маңызды объектілерді паспорттау жүргізілуде.

2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18,8 мың объекті тексерілді. Оңтүстік Қазақстан (4038), Ақмола (3375), Солтүстік Қазақстан (2585), Алматы (1970) облыстарында паспорттау жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында (167) және Астана қаласында (204) бұл мәселеге жете көңіл бөлінбей тұр.

 Ағымдағы жылы Министрлік объектілерді бейімдеудің өңірлік карталарын іске асыруға кірісті. Осы карталар шеңберінде 1084 объектіні бейімдеу, оның ішінде 179-ы ЖЖЖК 2020 қаражаты есебінен, 905 объектіні жергілікті бюджет қаражаты есебінен бейімдеу жоспарлануда. Биылғы жылы 10 мыңнан артық арнайы жол белгілері (сілтегіштер), жүргіншілер өтетін жолдарға дыбыс шығаратын 136 құрылғы орнатылады.

 Қазақстанда мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің бастамасы бойынша әлеуметтік такси қызметі пайдаланылады. Қазіргі уақытта облыстарда 102 «Инватакси» жұмыс істейді, олар жыл сайын 190 мыңнан астам мүгедекке қызмет көрсетеді. 2014 жылдың бюджетінде бұл мақсаттарға 90,9 млн. теңге қарастырылған.

Объектілерге қолжетімділік картасын жасау басты әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік жағдайы туралы дерекқорды автоматтандырылуға  ықпал етеді.

 Қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау бойынша қатаң жүйенің жоқтығына байланысты паспорттау жүргізілген объектілердің жалпы санының 82 %-ы мүгедектердің қажеттілігіне қарай бейімдеуді талап етеді.

  Заң жобасында[2] «қолжетімді орта», «қоғамдық орын», «ақпарат алудың қолжетімді нысаны» деген жаңа ұғымдар енгізу; субъектілердің объектілерді жобалау, салу және кейіннен пайдалануға беру процесінде сәулет, қала салу және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін; халықтың баяу қимылдайтын топтарының объектілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін салынған объектілерді тапсыру және пайдалануға қабылдауға қатысатын адамдардың жауапты болуы қарастырылған. Сондай-ақ мүгедектерге теміржол көлігі, әуе тасымалы, су көлігі қызметтерінің қолжетімділігі үшін жағдай жасау; мүгедектердің кез келген ақпаратты өзіне қолайлы форматта алу құқығын кеңейту; мүгедектерге және мүгедегі бар отбасыларға берілетін тұрғын үйлерді арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтау тәртібі мәселелері енгізілген.  

Сонымен қатар мүгедектердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың мұң-мұқтажына қоғамның санасын бұруға ықпал ететін іс-шаралар жүргізілуде. Былтырғы жылы Қазақстанның тарихында алғаш рет өткізілген «Бәріміз бірдейміз – Кемсітуді білмейміз» фестивалі мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін есте қаларлықтай оқиға болды.

Конкурста түрлі он номинация бойынша алты мыңдай мүмкіндіктері шектеулі адамдар қатысты. Конкурс қатысушылары таныстырған әлеуметтік жобалар іріктеліп, демеуші - жұмыс берушілер тарапынан іске асыруға дайындалуда.

Министрлік және оның аумақтық органдары мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтендіру бойынша жүргізіп отырған жұмыстары азаматтық қоғам өкілдерінің, ең алдымен мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері өкілдерімен өзара іс-әрекетте жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің жанында Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның 25 мүшесінің 16 – ҮЕҰ өкілдері.

Үйлестіру кеңесінің консультациялық-кеңес органы ретіндегі қызметі барлық мүдделі тараптардың норма шығару процесіне қатысуын, тәжірибе алмасу және шешімді талап ететін проблемаларға шұғыл ден қоюды қамтамасыз етеді. Мысалы, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобаларын, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге Үйлестіру кеңесінің мүшелері белсенді қатысты.

[1] «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу»

[2] «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу»

 

29 сәуір, 2014 - 18:21 өзгертілді
Әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі үздік қызметкерге дауыс бер
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші