A A A
Мазмұнына өту

You are here

Ақтөбелік жігіт бір жыл өмірі қалған әкесіне бауырының 70 пайызын бөліп берді - www.nur.kz, 2016 жылғы 19 тамыз

Ақтөбеде бір жыл ғана өмірі қалған әкесіне баласы бауырын беріп, ажалдан аман алып қалды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде әкелі-балалы екеу емделіп жатыр. Баласы бауырының 70 пайызын әкесіне беріп, оны өлімнен арашалап қалған.

«26 жастағы баласы 48 жастағы әкесін өлімнен арашалап қалды. Әкесі 2003 жылдан бастап бауыр циррозымен ауырады. Оның бауырының 20 пайызы ғана жұмыс жасап тұрды. Науқастың жағдайы өте қиын, бір жылдай ғана өмірі қалған болатын. Ол бірнеше жылдан бері дәрігерлердің бақылауында жүр. Балаларының донор болғанын өзі қалаған жоқ. Ағасы, інісі немесе әпкелері донор болса екен деп жүрді. Бірақ олардың біреуінің жағдайы келмеді, екіншісінің денсаулығы жарамады. Әкесіне донор боламын деп екі баласы келді», - дейді хирург-трансплантолог Ермахан Асылханұлы.

Дәрігерлер үлкен баласы қатты арық болғандықтан донор болуға жарамағандығын айтады. Екінші баласының бауыры талапқа сай келген.

«Үлкен баласының бауыры 1100 гр болды. Одан 700 гр алсақ өзінде 30 пайыздан төмен қалады. Ол оның өз өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан 1300 гр бауыры бар кіші баласы донор болды. Баласы әкесінің өмірін кемінде 15 жылға ұзартып тұр. Егер адам өз денсаулығына күтіммен қараса, өмір сүру ұзақтығы одан да көп болуы мүмкін. Ішімдік ішпей, темекі тартпай, дәріні уақытылы қабылдап жүрсе, бауыры да ұзақ жұмыс істейтін болады», - дейді трансплантолог.

Ота алты сағатқа созылған. Әкесіне донор болған 26 жастағы жігіттің екі баласы бар. Туысқандары ота жасалған күні аурухананың есігін күзетіпті. Бауыр алмастыру трансплантациясын Сеул университетінен келген Кван Вунг Ли мен қазақстандық профессор Жақсылық Досқалиев жасаған.

«Қазақстан бойынша бауыр трансплантациясына мұқтаж 500-ден асатын науқас бар. Донор таба алмай жүрген адамдар көп. Туысқандарына бауырын бергісі келмейтіндер өте көп. Кейбіреулер «туысқаныма қиындық әкелгім келмейді» деп өзі алғысы келмейді», - дейді дәрігер.

Бұл Ақтөбеде үшінші рет жасалып тұрған бауыр трансплантациясы. Жыл басынан бері облыста үш рет бауыр, 10 рет бүйрек алмастырылған.

«Біздің мақсатымыз - қарапайым халық тегін көмекке жүгіне алатынын білсе екен дейміз. Бауыр салу отасы 20-21 миллион теңгеге шығады. Осы отаны жасағаны үшін біздің ауруханаға 21 миллиондай қаржы түседі. Оның ішінде хирургтардың еңбегі, күтім, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызметке бар. 20 миллион теңгені қарапайым ауыл тұрғыны қайдан табады? Бұл мемлекеттің халыққа жасап жатқан қамқорлығы. Біз соны жеткізе білуіміз керек. Қазақстанның кез келген тұрғыны осындай көмек ала алады», - дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияров.

Дәрігерлер жігіттің бауыры 2-3 айда қалыпқа келетінін айтады.

Бөлімдер:
13 қыркүйек, 2016 - 14:46 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Көп балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау туралы ақпаратты тексеру
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші