check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

Зор өзгерістер немесе ескі үлгі бойынша оқытуға болмайды

14.05.2018 

Білім беру жүйесі ауқымды өзгерістер қарсаңында тұр. Жас мамандарды оқытуға арналған жаңа бағдарламалар – бұл алға басқан қадам. Алайда бұл істе білім деру үдерісіне қатысатын тараптардың барлығы ілгері жүруі тиіс, деп есептейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) профессоры Бақыт Шәріпов.

 

- Бақыт Жапарұлы, ХАТУ «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында жоғарғы білім беру бағдарламаларын дайындауға жетекшілік етіп жатыр. Бүгінгі жағдай  қалай және бізді не күтіп тұр?

- Білім беру бағдарламаларын дайындау – экономика үшін қажетті және молашағы мол жобалардың бірі. Білім беру жүйесінің шабан қимылдап, жаңа бағыттар мен заман икеміне бірден ыңғайлана қоймайтыны белгілі. Оны жылдамдығын жаймен үдетіп, бағытын өзгерту үшін біраз уақытты қажет ететін өте үлкен теңіз кемесімен салыстыруға болады. Жиі ретте инновациялар ресми түрде мәлімделгенімен, іс жүзінде дәрістер баяғы конспект бойынша өткізіле береді. Студенттер ескірген оқулықтармен, 70-80 жылдан қалған жабдықта жұмыс жасауға мәжбүр. Мұндай жағдайда лайықты сапаны қалай қамтамасыз етуге болады? Бұл мәселенің басты төркіні талаптар біршама өскеніне қарамастан, оқу мазмұны  талай жылдар өтсе де, өзгермей баз-баяғында қалып отырғандығында жатыр. Осыған қоса, еңбек нарығының ағымдағы жағдайы қандай, әртүрлі мамандықтар бойынша оқып жатқан түлектердің саны қанша, бұл жөнінде мүлдем ақпарат жоқ деуге болады. Еңбек қорларына қатысты жасалған ресми болжам да жалпы түрде келтіріліп, салалар мен кәсіптер бойынша құрылымдалмайды. Кадрларға және олардың біліктілігіне деген қажеттіліктерді анықтаған кезде мемлекеттік органдар арасындағы жұмыс нақты үйлестірілмеген. Мемлекеттік тапсырыс қазіргі жұмыс орындарына қарап жасалады, ал бұл жұмыс орындары оқу барысының өзінде өзексіз болып қалып жатады.

Бұл жағдайға көніп жүре бермеуге болмайды. Қазіргі заман жылдам өзгеріп отыратындықтан, білім беру жүйесіндегі осы өзгерістерді зерттеп, оған мониторинг жасап, жедел түрде оған сәйкес жұмыс жүргізетін институт міндетті түрде болуы тиіс. Барлық салаларда жаңа кәсіптер пайда болып жатыр, бұған бүкіл әлемдік экономиканың цифрге көшуі жағдай жасауда. Таяу жылдарда елімізде автомобиль құрастыру, авиақұрылыс, теңіз көлігі, атом энергетикасы сынды жаңа өндірістер құрылады. Ал бұл салаларға арнап кадрларды дайындау әлі басталған жоқ немесе енді-енді ғана басталып келеді. Әлемдегі басқа жетекші елдерден қалып кетпеудің жалғыз жолы - өзгелерден оза жұмыс жасау ғана. Жаңа білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттер ең кем дегенде 4 жылдан кейін еңбек нарығына шығады және де оларға толығымен сұраныс болады.

 

- Бағдарламаларды дайындау әдістемесінде төрт кезең қарастырылған. Осы жұмыс кезінде ең қиыны не болды?

- Жаңа мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын дайындаудың өзі өте күрделі жұмыс, оның үстіне, жаңа бағыттар бойынша кәсіптік стандарттардың жоқтығы да бұл істі қиындатып отыр. Сондықтан «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын Басқаратын топтың және ХАТУ-дың тек 3-4 жылдан кейін сұранысқа ие болатын мамандықтар бойынша бағдарламаларды құру жөнінде қабылдаған шешімінің келешегі зор деп айтуға болады, өйткені кәсіптік стандарттарды дайындауға ең аз дегенде 1-2 жыл кетеді, ал жұмыс берушілердің нақты кадрларға деген сұранысы тіптен кешігіп жіберілуі мүмкін. Осының нәтижесінде біз қайтадан артта қалып қояр едік.

Біз еңбек функцияларын анықтауға арналған ең қиын кезеңнің бірінен өттік. ХАТУ кәсіптік стандарттарды жасау әдістемесіне сәйкес еңбек функцияларын анықтау жөнінде жұмыс жүргізді. Құрылған 40 топтың әрқайсысына тиісті қауымдастықтарға кіретін жұмыс берушілер, жетекші жоғарғы оқу орындарының оқытушылары қатысты. 4-7 адамнан құралған топтың құрамына қажетті білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар мамандар кірді. Жұмыс берушілер қауымдастықтарында бірнеше мәрте фокус-топтар өткізілді. Әрбір топта өзінің қиындықтары, пікірталастары, тіпті, кейде түсініспеушілік те болды. Бірақ ақыр соңында олар ортақ шешімге келе алды.

 

- Бүгінгі күні білім беру саласында бүкіл нәрсе жылдам өзгеріп, жаңа жағдайлар, талаптар пайда болып жатыр. Білім беру бағдарламалары қалай өзектіленеді?

- Білім беру бағдарламалары әр 3-4 жыл сайын түзетіліп отыруы тиіс және де солай болмақ, бұл заңды құбылыс. Әйтпесе, біз бірте-бірте баяғы қалпымызға түсіп кетеміз, ал бұған жол беруге мүлдем болмайды. Кәсіптік стандарттар түлекте болуы тиіс кәсіптік біліктіліктердің  бірқатар тобын ғана сипаттап береді, сондықтан осы жайтты ескеру қажет. Біз кәсіптік стандарттардың мазмұнын, бірінші кезекте, тиісті кәсіп аясында ең кем дегенде болуы тиіс білім беру мазмұны ретінде қарастырайық деп ұсынып отырмыз. Осы тұста нақты бір кәсіп бойынша, мәселен, ақпараттық технологиялар саласы бойынша түлекті даярлаудың траекториясы бакалаврларды дайындауға арналған әртүрлі бағыттар және бейіндер аясында жүзеге асырыла береді.

 

- Біздің жоғарғы оқу орындарының жаңа бағдарламалар бойынша дайындығына қандай баға берер едіңіз?

- Жаңа білім беру бағдарламалары жоғарғы оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуды қажет ететіні даусыз. Бұл күрделі жұмыс, бірақ ол міндетті түрде қажет. Қазіргі жағдайда қажетті материалдық-техникалық жабдықсыз ескі үлгі бойынша оқытуға болмайды. Өзгерістерге бейімделе алмайтын жоғарғы оқу орындары жаңа мамандықтарды тек өзінің мәртебесі үшін ғана ашпауы тиіс.

Оқу әдістемелерін өзгертіп, желі арқылы күндізгі нысанда оқыту үлгілерін (қашықтықтан оқыту үлгілерімен шатастырмаңыз) кеңінен ендіру қажет. Не слайдсыз, не көрнекі құралсыз оқылған дәстүрлі дәрістің оқу әдістері ішіндегі ең тиімсізі екені анық, өйткені оның барысында берілген  ақпараттың тек 5%-ға жуығы ғана игеріледі. Ал «белсенді оқыту», қатысушыларды сан алуан белсенді іс-әрекетке жан-жақты тарту елеулі нәтижелерге жетуге мүмкіндік жасайды. Мұндай пәндер желі арқылы оқыту үлгілеріне ауыстырылады деп көзделген, яғни бұл оқыту үлгісі аясында дәріс материалы желіге ауыстырылып, оны студент өз бетінше оқиды, ал практикалық сабақтар бұрынғы қалпынша қалады. Бұл әрбір семестрде аудиториялық сағаттардың қорын жинақтап, оларды кәсіптік пәндерді оқыту кезінде пайдалануға жағдай жасайды.

Білім беру үдерісі кезінде білімді тәжірибе барысында пайдаланып көру үшін аз мүмкіндік беру еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келмеуге әкелетін басты фактор болып табылады. Практика көбіне көп кәсіпорында әшейін жүріп, «барып кел, шауып келумен», практика жетекшісінің тапсырмаларын орындаумен шектеліп жатады. Тіпті студенттердің кәсіпорындарда мүлдем практикадан өтпеген жағдайлары да болады. Студент практикадан өтетін орнын өзі іздеген кезде бұл әсіресе көрініс табады. Қағаз жүзінде бүкіл қолтаңбалар мен мөрлер қойылып, бәрі дұрыс көрінгенімен, іс жүзінде түлек практикадан өту үшін тіпті кәсіпорының табалдырығын аттап көрмеген болып шығады.

Практикалық дағдылардың жоқтығы түлектердің жұмыс іздеуіне, жұмыс орнында орнығуына үлкен қиындық келтіреді. Осының нәтижесінде мынандай бір парадокс туындайды: мамандар жетіспей жатқан кезде, көптеген түлектер жұмыс таба алмай дал болып жатады немесе кәсіптік дағдылары болмағандықтан, өз мамандығы бойынша жұмыс жасай алмай жүреді.

Жоғарғы оқу орындары мен колледждерде жас мамандарды даярлаудың практикалық жағына ауқымды өзгерістерді енгізу қажет. Бұл істе білім беру саласы жағынан да, бизнес тарапынан да бірлескен әрекеттер қажет. Біз бизнес осы мақсатта нақты қадам жасауы тиіс деп күтуге әбден құқылымыз, өйткені, біздің ойымызша, бизнес еңбек нарығына деген тұтынушылық көзқарасын өзгертуі керек.  Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік серіктестігі дәл осы жерде көрініс табуы тиіс.

Оқытушы осы үдерістің ең осал тұсы болып табылады. Олардың көбісі жаңа жағдайларға сәйкес жұмыс жасауға дайын емес, қажетті біліктіліктері төмен, өз білімімді үздіксіз жетілдіремін деген ұмтылыстары жоқ. Бұның себебі түсінікті де: қазіргі таңда тек бір Алматының өзінде жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына арналған 432 бос жұмыс орындары бар. Жаңа талаптарға және жаңа әдістемелерге сәйкес келетін біліктілікті көтеру курстары міндетті түрде болуы тиіс. Оқытушы өзінің пәнін жетік біліп қана қоймай, сонымен бірге, өндірістік тағылымдамадан өтіп, өндірістегі жаңалықтар жайлы хабардар болуы керек. Бұл өндірістік тағылымдамадан үш жыл сайын ең кем дегенде бір рет өтіп тұру қажет. Оқытушы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып оқытуға арналған жаңа әдістерді, оқытудың желілік үлгілерін және тағы да басқа заманауи ақпаратты білуі тиіс, олай болмаған жағдайда, оқыту қызметімен айналысуға болмайды.

 

-  Жаңа бағдарламаларды ендіру білім беру нарығына қалай әсер етпек?

- Жаңа бағдарламаларды ендірудің маңызын асыра бағалау мүмкін емес, бұл шынымен де алға қадам басудың нақ өзі. Көптеген салаларда түлекке бәрін біліп шығуға мүмкіндік беретін курсты жасап шығара алмайсың. Мәселен, digital economy курсын алайық. Бұл ұшы-қиыры жоқ пән, ақпарат көлемі үнемі өсіп отырады. Сондықтан келесі оқу үлгісіне біртіндеп өту аса маңызды: студент колледжде курстың бастапқы білімдерін игереді де, ары қарай модульден модульге (бакалавриат-магистратура-докторантура) өтіп отырады, бірақ оқудың аяғы болмайды, яғни бұл курс емес, нағыз оқу арнасына, үздіксіз үдеріске айналады. Оқыту арналарын құруға арналған технологиялар қазір бар. Тек осы форматқа үййрену ғана қалды. Дәл осы формат XXI ғасырдағы білім берудің жетекші қағидаларының біріне, яғни  ЮНЕСКО-ның  жариялаған «Life Long Learning (LLL)» - «бүкіл өмір бойы білім алу» деген басты қағидасына  айналмақ.

Сонымен қатар, білім беру саласындағы smart-оқыту деп аталатын трендке де ерекше мән беру қажет. Оның аясында бағдарламалық жабдықтама мен контент  онлайнда біріктіліріп, мультимедиа түрінде үлестіріледі. Smart-оқыту «әрқашан, кез келген жерде және кез келген жерде» деген қағидаға сәйкес білімді қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Smart-оқытудың басты мақсаты – қазіргі XXI ғасыр қоғамында аса қажетті ынтымақтастық, коммуникация, әлеуметтік жауапкершілік, сыни тұрғыда ойлай білу, мәселені жылдам әрі сапалы түрде шеше білу сынды дағдылар мен білімдерді студенттің бойында дамыту арқылы бәсекеге қабілетті білім берудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін оқу ортасын құру.

Егер жоғарғы оқу орны жоғарыда аталған жаңа өзгерістерге дайын болмаса, ол білім беру нарығында бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сертификаттаумен айналысатын тәуелсіз жүйені ендіру де өз ісін жетік білетін маманды «шала піскен» маманнан айырып, білім беру нарығын «осал» жоғарғы оқу орындарынан «тазартуға» мүмкіндік бермек.

https://tengrinews.kz/conference/250/

 

1 шілде, 2018 - 22:19 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші