A A A
Мазмұнына өту

You are here

Үйлестіру кеңесінің отырысында мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды

Үйлестіру кеңесі

Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Мәдина Әбілқасымованың төрағалығымен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Кездесуге орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, мүгедектер мәселелері бойынша министрлер мен облыс әкімінің орынбасарлары қатысты.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағанбетов, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова сөз сөйледі.

Кездесудің күн тәртібінде еліміздегі мүгедектердің құқықтарын іске асыру, 2019-2023 жылдарға арналған мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту стратегиясын әзірлеу, мүгедектік бойынша кеңесшілер институтын дамыту және инклюзивті білім беруді ынталандыру секілді негізгі шаралар қаралды.

 Кездесуді ашқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова министрлік әлеуметтік қызмет көрсету және медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқандығына тоқталды.

«Бүгінгі күні «Мүгедектікті белгілеу, мүгедектік деңгейін анықтау және әлеуметтік қорғау шараларының қажеттілігін анықтау» қызметін көрсету үшін автоматтандырылған режимдегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда.  Бұл жоба азаматтардың қатысуынсыз медициналық деректер негізінде ғана сырттай тексеру жүргізеді. Жоба қазір Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылды. Ал, ел бойынша 2019 жылы толық енгізілетін болады.» - деді М. Әбілқасымова.

Бұдан басқа, 2018 жылдың соңына дейін мүгедектікке қатысты сегіз қызмет проактивті форматқа көшіріледі. Әлеуметтік қызметтерді алушылар мен жеткізушілерге бірыңғай цифрлық платформаға тікелей әсер етуге мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталын іске асыру жұмысы басталды. Әлеуметтік қызметкерлердің жеткіліксіз біліктілік мәселесін шешу үшін ЮНИСЕФ Балалар қорының қолдауымен Әлеуметтік жұмыс жөніндегі Ұлттық ресурстық орталық құрылды.

 «Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауына сәйкес 2050 жылға қарай мүгедектер үшін елімізде кедергісіз аймақ қалыптастыру керек. 2012 жылдан бастап әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспарттау жүргізілуде. Жылдың басында 32 646 әлеуметтік маңызы бар нысан анықталды. Бүгінгі күні паспарттаудан  98,4%-ы өтіп, оның - 91% -ы бейімделген.» -деп атап өтті министр.

Министр М.Әбілқасымова мүгедектіктің алдын-алу және соған қатысты  шараларды одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ведомства басшысы биылғы жылы Қазақстан Республикасында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылуы аяқталғанына да тоқталды.

«Министрлік мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеуді ұсынады. Осы мақсатта мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері мен кеңестерінің, Қазақстан Республикасы Парламент депутаттарының, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері құрамына кіретін даму жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады.» - деп атап өтті ведомства басшысы.

Осыған байланысты ведомства басшысы мүгедектердің құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша мына міндеттерді алға қойды:

1. Мүгедектікті болдырмау және алдын-алу шараларын одан әрі жетілдіру;

2. 2030 жылға қарай мүгедектер мен қарт адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру;

3. Мүгедектердің сапалы жұмысын қамтамасыз ету және экономикалық тәуелсіздік деңгейін арттыру жөніндегі шараларды жетілдіру;

4. Өмірдің барлық саласында мүгедектерді белсенді түрде тарту арқылы инклюзивтік қоғамды дамыту;

5. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды дамыту, кәсіптік стандарттарды енгізу және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы әлеуметтік оңалтудың, абаттандырудың және арнайы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру;

6. Мүгедектік мәселелері бойынша қоғамның толеранттық қатынастарын қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу.

27 қыркүйек, 2018 - 20:16 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету
Ящик идей
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші