A A A
Мазмұнына өту

You are here

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының жобасы және тұжырымдамасы және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңы

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

  1. Заң жобасының атауы

 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы).

2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі

Заң жобасы Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың                       10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі еңбек өтілі мен төлем мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейтуге қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін, әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандарттарына өту Қазақстан Республикасында 2005 жылдың                               1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қатерлер туған жағдайда жүйенің қатысушылары үшін әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізуді қажет етті.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстары жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және жеке кәсіппен айналысатындардың төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) мынадай жағдайларда:

- еңбек ету қабілетінен айырылуына;

- асыраушысынан айырылуына;

- жұмысынан айырылуы;

- жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы;

- бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайларына  әлеуметтік төлемдер төленеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қызмет атқарған 13 жылы ішінде жүйеге қатысушылар саны 2005 жылғы 4 млн. адамнан 2017 жылы 6 млн. адамға  артуымен бірге, МӘСҚ әлеуметтік төлем алушылар саны да 2 мың адамнан 773 мың адамға артты. Әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы                     2005-2017 жылдар аралығында – 905 млрд. теңгені құрады. 

Міндетті әлеуметтік сақтандыру нақты адамға да, тұтастай экономикаға да өзінің басты рөлін дәлелдеді.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу барысында сол кезеңдегі шарттарды ескергендегі жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың консервативтік параметрлері енгізілген болатын.

Бүгінгі таңда, халықаралық стандарттарды, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ұзақ мерзімді негіздегі қаржылық тұрақтылығын, ағымдағы әлеуметтік-экономикалық даму шарттарын ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін жетілдірудің алғы шарттары орын алды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ана мен баланы сақтандыруды енгізілген сәттен бастап МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдердің  аса көп үлесі (90% жуық) ана мен баланы қолдауға төленуде. Мұндай жағдай еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы жағдайларына әлеуметтік төлемдерді есептеу параметрлерінің жетілдірілмегендігінен туындаған. Еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері алушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етпейді.

2017 жылы әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері: еңбек ету қабілетінен айырылуына – 13 712 теңгені, асыраушысынан айырылуына – 12 897 теңгені, жұмысынан айырылуына – 18 305 теңге. Бұл ретте. орта мөлшерден аз мөлшерде әлеуметтік төлем алатындардың үлесі: еңбек ету қабілетінен айырылуына – 62%, асыраушысынан айырылуына – 66%, жұмысынан айырылуына – 63% құрайды.

Аталған алушылар үшін әлеуметтік қатер ана мен балаға байланысты жоспарланған төлемдерге қарағанда кездейсоқ болып табылатынын атап өткен жөн.

Осындай төлемдерге жүргізілген талдау шешім қабылдауды талап ететін мынадай мәселелерді анықтады:

 1. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту

Еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдерді есептегенде, МӘСҚ әлеуметтік аударымдар төленген айлар санына байланысты 0,1 ден 1,0 дейінгі қатысу өтілінің коэффициенті қолданылады (6 айдан кем болған жағдайда – 0,1; 6 айдан 12 айға – 0,7; 12 айдан 24 айға дейін – 0,75; 24 айдан 36 айға дейін – 0,85; 36 айдан 48 айға дейін – 0,9; 48 айдан 60 айға дейін – 0,95; 60 айдан және одан көп айға – 1,0.).

Әлеуметтік аударымдардың түсуіне жасалған талдау 60 ай және одан көп әлеуметтік аударымдар төленген қатысушылардың үлесі 54% құрайтынын көрсетті.

Жүйенің жұмыс істеген бастапқы кезеңіндегі қатысу өтілі коэффициентінің осылайша қолданылуы қатысушылардың көп жұмыс істеуіне және еңбек өтілін жинауға ынталандырды. Алайда, бүгінде белгіленген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне «кім көп жұмыс істесе, сол көп алады» деген принцип жүзеге аспай отыр.  

Осыған байланысты қатысу өтілінің қолданыстағы градациясын сақтап қалу ұсынылады. Бұл ретте, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 72 айдан асатын  қатысушлар үшін әлеуметтік төлемнің мөлшері  әр бір 12 ай үшін осы қатысу өтілін 1% арттыру ұсынылады.

Жаңа тәсіл алушылардың материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай еңбекке ынталандыруды күшейтетіндіктен және азаматтардың еңбек қатынастарын заңдастыратындықтан әлеуметтік әділеттілік принципіне сәйкес келеді.

  1. Жүктілік және босану бойынша төлемдерден басқа барлық төлемдердің мөлшерін анықтағанда ескерілетін орташа айлық табыс мөлшерін есептеу тетігін өзгерту қажеттілігі

Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік 24 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын 24 бөлу арқылы айқындалады.

Бұл әлеуметтік қатер туар алдындағы соңғы 24 айда табыстың болмауы оның дәлелді себептер бойынша болуы мүмкіндігіне қарамастан, табыстың жалпы орташа айлық мөлшерін төмендететінін білдіреді.

Әлеуметтік аударымдарды төлеуде үзілістердің болуы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес болуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 5-тармағына сәйкес, медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, анатомиялық кемістіктері немесе организм функцияларының едәуір немесе өте айқын білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді.

Уақытша еңбек ету қабілетінен айырылған 4 айдың ішінде әлеуметтік аударымдар төленетін жұмыскерге айына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінен артық емес әлеуметтік жәрдемақы төленеді. 

Бұл ретте, 4 ай үшін әлеуметтік жәрдемақы түріндегі табыс нақты жоғалтқан табысының мөлшерін едәуір төмендетеді. Бұған 2017 жыл үшін  әлеуметтік төлем алушыларға жүргізілген талдау алушылардың 19,3 % (14 483 тағайындалған төлемдерден 2 788 адам) үшін соңғы 4 айда әлеуметтік аударымдар тіптен төленбеген, уақытша еңбекке жарамсыз болғандықтан  алушылардың 65,8 %-да орташа айлық табысы төмендегені дәлел.

Сонымен қатар, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемді есептегенде бала туғанға дейін соңғы 24 айдағы орташа айлық табысы есепке алынады. Алайда, бұл механизм бала туғанға дейін әлеуметтік аударымдар төлеуі мүмкін, жүктілігіне және босануына байланысты демалыстағы табысы жоқ әйелдер үшін әділ емес.

Осындай төлем алушы әйелдерге 2017 жылға жасалған талдау бала туғанға дейінгі соңғы 2 айда 57,3 % әйелге әлеуметтік аударымдар төленбегенін көрсетті.

Осылайша, орташа айлық табысты анықтайтын қолданыстағы тәсіл қатысушылардың мүддесін шектейді, олардың жүйеге қосқан үлесін ескермейді және әлеуметтік әділетсіздікті тудырады.

Осыған байланысты, жоғалтқан табысының нақты мөлшерін анықтау мақсатында орташа айлық табысты анықтағанда әлеуметтік қатер туар алдындағы соңғы 36 айдағы 24 ай ішіндегі ай сайынғы табыстың аса жоғары сомасындағы табыстан есептеу ұсынылады.

Бұл жағдайда әлеуметтік төлемдер өтініш берушінің әлеуметтік қатер туар алдындағы соңғы үш жылдың екі жылы ішіндегі ең жоғарғы табысы негізінде тағайындалатын болады. 

Жүктілігіне және босануына демалыс ресімдейтін және көп ай жұмыс істеген аналарды қолдау және әйелдердің құқықтарына нұқсан келтірмеу мақсатында жүктілігіне және босануына әлеуметтік төлем есептеу үшін қолданылатын қолданыстағы орташа айлық табысты анықтау тәртібін сақтап қалуды ұсынамыз.

  1. Орташа айлық табыстан  ең төменгі жалақыдан 80% шегеру:

Бүгінде еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем есептегенде орташа айлық табыс мөлшерінен  ЕТЖ 80 % шегеріледі.

Мұндай шегерілу асыраушысынан айырылған мүмкіндігі шектеулі адамдар мен олардың отбасын әлеуметтік қорғаудың базалық деңлейінің болуымен түсіндіріледі. Егер жүйе енгізілген сәтке мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ЕТЖ деңгейінен 80% құраса, ал ағымдағы мөлшер белгіленген деңгейден едәуір артық (мүгедектігі жағдайына ЕТЖ деңгейінен 187% және асыраушысынан айырылуы жағдайына ЕТЖ деңгейінен 214 %).

Көрсетілген төлемдерді алушылардың құрылымында алушылардың 45 % жуығының 2 ЕТЖ дейін орташа айлық табысы бар. Бұл орташа айлық табысты анықтағанда мемлекеттік жәрдемақының нақты мөлшерін қолдану өтініш білдірген азаматтардың жартысына жуығына әлеуметтік төлем тағайындауға мүмкіндік бермейтінін білдіреді.

Сондықтан, орташа айлық табыстан ЕТЖ 0,8 шегеруді алып тастау ұсынылады, бұл еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайларына әлеуметтік төлем мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.

4. Еңбек ету қабілетінен айырылудың жеке дәрежесін қолдану

Еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне байланысты 0,3 тен 0,7 дейін орташаландырылған еңбек ету қабілетінен айырылу коэффиценті қолданылады (еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі 30 % - дан 60 % дейін болса, онда – 0,3; 60 % - дан 80 % дейін болса, онда – 0,5; 80 % - дан 100 % дейін болса, онда – 0,7).

Осылайша, әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептегенде нақты алушының еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне байланысты жеке тәсіл қарастырылмаған. Мысалы, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін 59 % бекіткенде 0,3 коэффициенті қолданылады, ал егер 61 % болғанда, онда – 0,5, демек әлеуметтік әділеттілік бұзылады.

Сондықтан, еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді анықтағанда  медико-әлеуметтік сараптама құрылымдық бөлімшесі белгілеген тиісті жалпы еңбек ету қабілетін жоғалту дәрежесінің коэффициентін  қолдану ұсынылады (30 %-дан 100 % дейін).   

5. Асыраушысынан айырылған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың бірыңғай тәсілінің болмауы

 Бүгінде МӘСҚ асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем – 4 және одан да көп асырауындағылар болғанда тағайындалады, ал бюджеттен төленетін осындай мемлекеттік жәрдемақы 6 және одан да көп асырауындағыларға төленеді, бұл екі бірдей әлеуметтік қатерге төленетін төлем түрлерінің арасында бірыңғай тәсілдің болмауын  көрсетеді.

Сонымен қатар, асырауындағылар санының коэффициенті мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындағанда қолданылатын коэфициенттерге сәйкес келмейді. Бір асырауындағыға мемлекеттік жәрдемақының мөлшері төменгі күнкөріс деңгейінен 0,86 құраса, ал осындай әлеуметтік төлемді есептегенде 0,4 коэффициенті қолданылады, бұл әлеуметтік төлем мөлшерін едәуір төмендетеді.

Асыраушысынан айырылған отбасы мүшелерінің қажеттілігіне байланысты жоғарылатылған коэффициент қолдануға мүмкіндік беретін асырауындағылар санының бірыңғай градациясын белгілеу ұсынылады.

6. Табысты алмастыру коэффициентін өзгерту

Бүгінде еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді анықтауда 0,6 тең, ал жұмысынан айырылғанда – 0,3 тең болатын табысты алмастыру коэффициенті қолданылады.

Бұл ретте, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ № 102 Конвенциясы) еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылуы жағдайына – 0,4, жұмыссыздығына жәрдемақы сақтандырылған табыстан – 0,45 болатын әлеуметтік қамсыздандырудың минималды нормаларын ұсынады.  

Шегеруді жою ескеріле отырып, еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері жоғалтқан табыстан артық болуы мүмкін, бұл халықаралық еңбек ұйымының нұсқаулығы шегінде табысты алмастыру деңгейін реттеуді талап етеді. Осыған байланысты, табысты алмастыру коэффициентін халықаралық нұсқаулықтарға сәйкестендіру ұсынылады, яғни еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем үшін коэффицентті 0,6-дан 0,4-ке, жұмысынан айырылуы бойынша 0,3-тен 0,45-ке өзгерту, бала күтімі үшін ағымдағы деңгейде қалдыру ұсынылады.

7. Жұмысынан айырылған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру

МӘСҚ жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 4 айға дейін (1 айға – егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе; 2 айға - егер әлеуметтік аударымдар 12 айдан 24 айға дейін төленсе; 3 айға - егер әлеуметтік аударымдар 24 айдан 36 айға дейін төленсе; 4 айға - егер әлеуметтік аударымдар 36 ай және одан көп айға дейін төленсе);

- кәсіпорынның жабылуы, штат санының қысқаруы немесе өндіріс көлемінің азаюы себебінен жұмыссыз қалған, 36 ай және одан да көп қатысу өтілі болған жүйенің қатысушыларына 6 айға тағайындалады.

Бұл ретте, жүйенің қатысушысы жұмыс берушінің бұйрығынан үзінді көшірме беру жолымен көрсетілген негіздер бойынша жұмысынан айырылу фактісін растауы қажет. Мемлекеттік қызмет көрсетуді проактивті форматқа көшіруді ескере отырып, өтініш берушінің жүгінуінсіз жұмыссыз мәртебесін беру кезінде жұмысынан айырылуы бойынша автоматты түрде әлеуметтік төлем тағайындау кезінде жұмысынан айырылуы себебіне байланыссыз әлеуметтік төлем тағайындау ұсынылады.

Бұл ретте, әлеуметтік  төлемдердің ұзақтығы 4 айдан 6 айға дейін арттырылады: 

- 1 айға – егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе;

- 2 айға - егер әлеуметтік аударымдар 12 айдан 24 айға дейін төленсе;

- 3 айға - егер әлеуметтік аударымдар 24 айдан 36 айға дейін төленсе;

- 4 айға - егер әлеуметтік аударымдар 36 айдан 48 айға дейін төленсе;

- 5 айға - егер әлеуметтік аударымдар 48 айдан 60 айға дейін төленсе;

- 6 айға - егер әлеуметтік аударымдар 60 айдан және одан да көп айларға төленсе.

8. Әлеуметтік тәуекелдердің түрлері бойынша әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұру, қайта жалғастыру және тоқтату бойынша заңнамалық нормаларды нақтылау қажеттігі  

Қолданыстағы Заңмен алушы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс мемлекетке тұрақты тұруға кеткен және ақпараттық жүйелерден мәліметтер алынған  жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға ұқсас тоқтата тұру, қайта жалғастыру және тоқтату тетіктері көзделмеген.  

Мысалы, әр түрлі мемлекеттен екі төлем алуды болдырмау мақсатында бюджеттен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға ұқсас алушы басқа жаққа тұрақты тұруға кеткен жағдайда әлеуметтік төлемдер тоқтатылуы қажет. 

Әлеуметтік төлемдер тағайындаудың сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға ұқсас әлеуметтік қатер түрлері бойынша төлемдерді тоқтата тұру, жалғастыру, тағайындаудан бас тарту және тоқтату үшін негіздерді заңнамамен бекту ұсынылады.

9. МӘСҚ активтерін инвестициялық басқару тиімділігін арттыру

Бүгінде МӘСҚ активтерін инвестициялық басқару сенімді басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ретте, активтерді инвестициялау үшін активтерді басқару тәртібі мен қаржы құралдарының тізімі, оның ішінде жеке анықталған эмитенттер, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде анықталады.

Инвестициялық қауіпсіздікті арттыру, МӘСҚ активтерінің сақталуын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық декларацияны Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде бекіту ұсынылады.

10. МӘСҚ қаржылық тұрақтылығына міндетті аудит жүргізудің болмауы

МӘСҚ құрылғаннан бері қаржылық тұрақтылықты бағалау бойынша актуарлық есептер жүргізіп келеді. Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының актуарлық қызметтерге Басшылығына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің актуарлық моделі мерзімді аудит жүргізілуге жатады. 

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істеген 13 жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарау қажеттілігі туындады. 

Тұтастай алғанда, төмендегілерді қарастыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдірудің мынадай бағыттарын атап өтуге болады:

  1. ана мен балаға байланысты әлеуметтік қатерлерді өзгерту

Жүктілігі және босануы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы, сондай-ақ бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық әлеуметтік қатерлер болып танылады.

Мемлекет Басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігін, босануын және ана болуын міндетті әлеуметтік сақтандыру тапсырылғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында 2012 жылы ратификацияланған Аналарды қорғау туралы конвенция жұмыстың типті емес түрлерімен шұғылданатын әйелдерді қоса алғанда барлық жалдамалы жұмыс істейтін әйелдерге қолданылады.

Осыған байланысты, бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жағдайына әлеуметтік төлем ең алдымен аналарды қорғауға бағытталуы қажет, бұл сонымен бірге Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Әлеуметтік даму концепциясына сәйкес келеді, ол бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы аналардың табысын қорғау, баланың тууына және өмірге келген алғашқы айларында ерте бастан когнитивтік дамуына жағымды әсер ететін әлеуметтік-экономикалық себебі көрсетілген,  әлеуметтік тәуекелдерге бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік әлеуметтік сақтандыру қарастырылған.

  1. МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындаудың параметрлерін қайта қарау;
  2. МӘСҚ инвестициялық декларациясын Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде бекіту;
  3. міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық есептілігінің ашықтығы мен дұрыстығын және жүйенің қаржылық тұрақтылығының актуарлық моделіне болжамды қамтамасыз ету мақсатында әр бір үш жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізу.

Болжанып отырған түзетулер қолданыстағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының 40 бабының 50% аса қолданылатын болғандықтан (қосымша баптарды ескере отырып) оны жаңа редакцияда қабылдау талап етіледі.  

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы        9-тармағына сәйкес, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады.

 

3. Заң жобасын қабылдаудың мақсаттары

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты төмендегі бағыттар бойынша Қазақстан Республикасындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін нығайту болып табылады:  

- сақтандыру принциптері мен әлеуметтік әділеттілікті сақтауды ескере отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту;

- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен МӘСҚ төленетін  әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өз ара байланысты күшейту;

- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне халықтың қатысуын ынталандыруды қалыптастыру;

- МӘСҚ активтерін инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру.  

 

4. Заң жобасын реттеудің мәні

Заң жобасын реттеудің мәні әлеуметтік қатерлер жағдайының туындауына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларын әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрін құруға байланысты қатынастар болып табылады.  

 

5. Заң жобасының құрылымы.

Заң жобасы 5 тараудан тұрады:

1-тарау. Жалпы ережелер

2-тарау. Әлеуметтік аударымдар

3-тарау. Әлеуметтік төлемдер

4-арау. МӘСҚ жұмыс істеу тәртібі

5-тарау. Қорытынды ережелер

 

6. Тиісті саладағы заңнамалық актіге жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі

Құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша қолданыстағы Заңнан ақпараттық жүйе иесінің өзгеруіне, әлеуметтік төлем тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыруға және автоматтандыруға байланысты жүзеге асыруға жатпайтын нормалар анықталды.

Мысалы, міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы мемлекеттік монополияға жататын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) қызметі түрлерінің бірі уәкілетті органға және МӘСҚ ақпараттық жүйеден ақпарат беру болып табылады. Бүгінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйенің меншік иесі болып табылады, сондықтан Мемлекеттік корпорациядан қандай да бір ақпарат алу қажеттілігі жоқ.

 

7. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар

Заң жобасын қабылдаудың әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру жолымен жұмыс істейтін азаматтардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру тұрғысынан да, халықтың заңды жұмыспен қамтылуын ынталандыру жағынан да жағымды әлеуметтік-экономикалық салдарлары болады.

 Заң жобасы сондай-ақ, МӘСҚ активтерін тиімді инвестициялық басқаруға және жүйенің қаржылық тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық кері салдарлар тудырмайды.  

 

8. Әзірленетін заң жобасына басқа заңнамалық актілерді бір мезгілде (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттілігі

Заң жобасын қабылдау мынадай заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді:

  1. 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі;
  2. 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексі;
  3. «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі);
  4. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261-IV Қазақстан Республикасының Заңы;
  5. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
  6. «Сақтандыру қызметі туралы» 2000 жылғы 18 желтоқсандағы №126 Қазақстан Республикасының Заңы;
  7. «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы №482-V Қазақстан Республикасының Заңы.

 

9. Заңжобасы мәнінің басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттелуі

Осы заңжобасының аясында қаралатын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқарушылық кодексімен   регламенттеледі. 

 

10. Қаралып отырған мәселе бойынша шет ел тәжірибесінің болуы  

 

 

Заңжобасын әзірлеу барысында жекелеген мәселелер бойынша бірқатар шет елдердің тәжірибелері ескерілді.

Негізгі құжат «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы» (БҰҰ, 1948ж.) болып табылады, оған сәйкес әр бір адам жұмыссыздығына, мүгедектігіне, жесір болуы немес оның жағдайына байланыссыз өмір сүруге қажетті қаржысы жоғалған жағдайда қамтсыздандырылуға құқылы. Сонымен бірге, ана мен балаға ерекше қамқорлық көрсетілуге құқық беріледі. Некеде немесе некесіз туылған барлық бала бірдей әлеуметтік қорғауды қолдана алады.

Сонымен қатар, Қазақстан 1993 жылдан бастап мүшесі болып табылатын, Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) нұсқаулықтары да ескерілді.

Оның ішінде, ХЕҰ №102 Конвенциясы еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайына табысты алмастыру мөлшерлемесін 40 % мөлшерінде, жұмыссыздықты 45% мөлшерінде белгілеуді ұйғарады.

ХЕҰ Конвенциясына сәйкес жәрдемақылардың ұзақтық мерзімі жылына кем дегенде 13 апта. Жұмыссыз адамға жәрдемақы төлеудің ең жоғарғы уақыты әр елде әр түрлі, сол елдегі жағдайға, жұмыссыздық деңгейіне, әділеттілік туралы түсінігіне және жәрдемақының пайдасына, асыра пайдаланудың таралуына және бөлінетін қаржыға байланысты болады. Жәрдемақыларды төлеу кезеңі жәрдемақы алушы жұмыссызға қойылатын талаптарға да байланысты болады.

Францияда мүгедектік алдыңғы кәсіптік қызметіне қатысты позициямен қаралады. Мүгедекке зейнетақы тағайындаудың міндетті шарты – сақтандырылған адам 60 жастан жасырақ болуы керек. Егер зардап шегушінің жасы одан жоғары болса, онда қамтамасыз ету – жасына байланысты зейнетақы түрінде беріледі.

Бұл ретте, зейнетақыны есептеу және төлеу үшін мүгедектік дәрежесі еңбек қызметіне қабілеті 10% кем шектеуді құрауы қажет.  Егер ол одан кем болса азамат бір реттік сақтандыру төлемін алуға құқылы.   

Асыраушысынан айырылуы жағдайына зейнетақы артында қалған жұбайына тағайындалуы мүмкін, сирек жағдайда ата-анасына, балаларына. Негізгі мөлшері – қайтыс болған адамның алған, не алуы мүмкін зейнетақысының – 54%.  Егер қайтыс болған адамның асырауында үш не одан да көп бала болса, оларға 10% мөлшерінде үстеме ақы тағайындалуы мүмкін.

Германияда мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушының сақтандыру жағдайы туар алдында 5 жылдан кем емес қатысу өтілі болуы керек, оның                    3 жылы – міндетті әлеуметтік аударымдар.

Асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы қайтыс болған адамның әлеуметтік аударымдар сомасына байланысты болады.

Норвегияда мүгедектігі бойынша жәрдемақы 18 жастан 66 жасқа дейінгі адамдарға сақтандыру жағдайының алдындағы 3 жыл әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі қатысудың ең төмен өтілімен төленеді. Жәрдемақы мөлшері Ұлттық сақтандыру қауымдастығы айқындайтын мүгедектік тобына байланысты болады.

Осындай шарттар асыраушысынан айырылуы жағдайына жәрдемақы аушыларға да қолданылады. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған жұбайы қайтыс болған адаммен 5 жылдан кем емес уақыт заңды некеде тұруы қажет не асрауында бір баласы болуы керек. 18 жастан кіші жетімдер де жәрдемақы алуға құқылы.

Жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру жүйесінде, сонымен бірге ынтымақты әлеуметтік сақтандыру бағдарламасы бойынша  сақтандырылған жұмыскерлерге төленеді. Жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы алуға жылдық табысы сақтандыру жағдайы туар алдындағы мөлшері 1,5 есе базалық сомаға тең болатын адамға ғана төленеді.  

Чехияда мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және сақтандыру жағдайы туған сәтке әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.

Сербияда әйелдер үшін бала туғаннан кейінгі демалыс 365 күнге беріледі. Демалыс күндерінің саны одан да артық болуы мүмкін, бірақ бір жылдан артық төленбейді.

Хорватияда әйелдер бала күтімі үшін 365 күн төленетін демалыс алуға құқылы.

Белоруссия Республикасында сақтандырылған азаматтарға Белорусь әлеуметтік қорынан сақтандыру төлемдері тағайындалады. Бұл ретте, әлеуметтік сақтандыру жүйесінде төлемдерді тағайындау қатысушының жұмыс өтіліне тікелей байланысты.

 Әлеуметтік қорғау қорынан мүгедектігі бойынша төлем мүгедектік себебіне байланыссыз, мүгедектік туындаған не зейнетақыға жүгінген күнге жұмыс өтілі болған жағдайда тағайындалады, мысалы  23 жасқа дейін – 1 жыл,  23-тен  26 жасқа дейін – 2 жыл, 26-дан 31 жасқа дейін – 3 жыл.

Асыраушысынан айырылуы бойынша төлем тағайындаған кезде де жұмыс өтілінің болуы міндетті. Егер асыраушының қайтыс болған күнге мүгедектігі бойынша төлем тағайындау үшін белгіленген жұмыс өтілі болса,  асыраушысынан айырылуы жағдайына төлем тағайындалады. Төлем мөлшері отбасының әр бір еңбекке қабілетсіз мүшесіне асыраушының орташа айлық жалақысынан 40 % құрайды, бірақ жасы бойынша төлемнің ең төменгі мөлшерінің 100 % кем емес (орташа айлық табыстың 55 % тең болатын).

Жұмыс өтілі жоқ асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мүгедектігі бойынша толық төлем тағайындау үшін асыраушының жұмыс өтіліне пропорционалды есептелген мөлшерде жұмыс төлем тағайындалады.

 

11. Заң жобасын жүзеге асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар

Заң жобасын жүзеге асыруға байланысты бюджеттен қаржылық шығындар қажет емес.

Бағалау деректері бойынша, әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа параметрлерін енгізген жағдайда МӘСҚ қаржылық тұрақтылығы 2049 жылға дейін сақталады.

 

ТіркемеМөлшер
Package icon kaz.zip442.53 KB
Бөлімдер:
4 қазан, 2018 - 14:57 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші