check
A A A
Мазмұнына өту

You are here

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысына (бірінші оқылым) Министр Б.М. Сапарбаевтың баяндамасы

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының жаңа жобасы ұсынылады.

Заң жобасының негізгі мақсаты – еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшейту, сондай-ақ 2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерлерін орташа есеппен 30%-ға арттыруды қамтамасыз ету болып табылады.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Заң жобасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 3 түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарастыру көзделген. Атап айтсам,

Біріншіден, еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылар үшін жүйеге қатысу өтілінің коэффициентін қайта қарау ұсынылады.

Бұл коэффициент 3 әлеуметтік төлемнің мөлшерін айқындау кезінде қолданылады.

Бүгінгі күні 5 жыл және одан көп өтілі бар азаматтар үшін бірдей коэффициент (1,0) қолданылып келеді. Осылайша жүйеге 5 жылдан көп қатысқан адамды ынталандыру тетігі қарастырылмаған.

Жүйеге неғұрлым көп қатысуды ынталандыру үшін 5 жылдан артық қатысу өтілі бар азаматтарға әрбір еңбек еткен толық бір жылы үшін коэффициентті 2%-ға арттыру ұсынылады.

2018 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 5 жылдан көп қатысқан азаматтар саны 3,4 млн. адамды немесе қатысушылардың жалпы санының (6,1 млн. адам) 55%-ын құрады. Сондықтан, бұл өзгеріс төлем алушыларға оң әсерін тигізетін болады.

Екіншіден, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне (30%-дан 100%-ға дейін) сәйкес анықтау ұсынылады.

Бүгінгі күні еңбек ету қабілетінен айырылудың орташа коэффициенті қолданылады, яғни мүгедектігі бар адамдардың нақты қажеттілігі ескерілмейді (мәселен еңбек ету қабілеті 30%-дан 59%-ға дейін болса - 0,3 коэффициенті, 60%-дан 79%-ға дейін болса - 0,5 коэффициенті, 80%-дан 100%-ға дейін болса, 0,7 коэффициенті қолданылады). Заң жобасында осы мәселені реттеу көзделген. Мәселен, 65%-ға берілсе, коэффициент 0,65, 80%-ға - 0,8,  100%-ға берілсе, коэффициент 1-ге тең болады.

Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың теңге, 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары төленген болса, онда еңбек ету қабілетінен 65%-ға айрылған жағдайда, әлеуметтік төлемнің мөлшері қолданыстағы формула бойынша 22 988 теңгені, ал Заң жобасындағы жаңа формула бойынша 31 080 теңгені (өсім 35%) құрайды.

Бұл төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары төленген азаматтарға беріледі. Оған қоса, базалық деңгейден мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы қоса тағайындалады, 2-ші топтағы мүгедек үшін оның мөлшері биылғы жылы 45 438

теңгені құрайды, сонда төлемнің жалпы сомасы айына 76 518 теңге болады.

 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді алушылар саны 83,1 мың адамды, төлемнің сомасы 12,3 млрд. теңгені құрайтын болады.

Үшіншіден, асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін асырауындағылар санына сәйкес қолданылатын коэффициентті арттыру ұсынылады.

Мәселен:

1) асырауында бір адам болса, коэффициентті 40%-дан 50%-ға;

2) екі адам болса 50%-дан 65%-ға;

3) үш адам болса 60%-дан 80%-ға;

4) төрт және одан көп адам болса 80%-дан 100%-ға арттыру ұсынылады.

Жалпы алғанда, әрбір коэффициенттің өсімі бұрынғы мөлшердің 25%-ын құрайды.

Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың теңге, 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары төленген болса, онда асырауында қалған бір балаға әлеуметтік төлемнің мөлшері қолданыстағы формула бойынша 18 390 теңгені, ал Заң жобасындағы жаңа формула бойынша 23 907 теңгені (өсім 30%) құрайды.

Асыраушысынан айырылған балаларды әлеуметтік қорғау жүйесі көп деңгейлі екенін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы сомасын қосқанда, жалпы төлем сомасы айына 49 448 теңге болады.

 

2018 жылдың қорытындысы бойынша асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алушылар саны 45 мың адамды, төлемнің сомасы 8,7 млрд. теңгені құрайтын болады.

Төртіншіден, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлерін қайта қарау ұсынылады, атап айтқанда:

1) төлемдің анықтау барысында қолданылатын табысты алмастыру коэффициентін 30%-дан 40%-ға арттыру (бұл Дүниежүзілік еңбек ұйымының ұсынысымен сәйкестендіру үшін жасалып отыр);

2) жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімін жүйеге қатысу өтіліне байланысты 4-тен 6 айға дейін ұзарту ұсынылады. Қазіргі таңда 6 айға дейін әлеуметтік төлем тек жұмысынан штаттың қысқартылуы, заңды тұлғаның таратылуы бойынша айырылған жағдайда ғана тағайындалады. Заң жобасында жұмысынан айырылу себебіне байланыссыз, еңбек өтіліне қарай төлем мерзімін ұзарту көзделген.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алушылардың орташа жылдық саны 47,6 мың адамды, төлемнің сомасы 3,6 млрд. теңгені құрайтын болады.

Сонымен қатар, жаңадан келетін және қазіргі төлем алушылар арасында шиеленісті болдырмау мақсатында асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді алып жүрген азаматтар үшін жаңа өзгерістерді қолдана отырып, бір реттік қайта есептеу жүргізуді ұсынамыз.

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

Жалпы алғанда, Заң жобасын қабылдау нәтижесінде 3 әлеуметтік қатер: еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің өсуі 200 мыңнан астам адамды қамтиды және төлем орташа есеппен 30%-ға артатын болады.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемнің байланысы күшейеді.

Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығыстарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Қадірлі депутаттар!

Түсініспен бірлесіп жасаған жұмыстарыңыз үшін  алғыс білдіреміз.

Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

 

Назарларыңызға рахмет!

 

12 маусым, 2019 - 15:38 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші